$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қызылордада зағип жандардың көмекшілері мардымсыз ақшаны қанағат тұтуға мәжбүр

AstanaTV
29.05.2018ж. 20:00
4028
Қызылордада зағип жандардың көмекшілері мардымсыз ақшаны қанағат тұтуға мәжбүр

Қызылордада зағип жандардың көмекшілері мардымсыз ақшаны қанағат тұтуға мәжбүр. Төленетін қаржы аз болғандықтан, олар тұрақтамайды екен. 160-тан астам көмекші қызметі үшін айына 13 жарым мың теңге алады.  Мұндай қаржыға ешкім келмейтіндіктен,  зағиптар көбіне туыстарын жалдауға мәжбүр. Арнамызға шағымданған мүгедектер мәліме шешілсе дейді. 

Тотыжан Камалованың күнделікті жұмысы жалғызбасты зағип жанға көмектесу. 72 жастағы әжейді баратын жеріне жетектеп апаратын ол екі сағатқа жоспарланған жұмыстың уақытылы бітпейтінін айтады. Күні бойы зағип кісінің қасында жүргенде алатыны 13 жарым мың теңге.

Тотыжан Камалова, жеке көмекші:

Бұл кісіні бір жағынан тастап кете алмаймын, өйткені менің алдымда да қаншама адамдар, 13 мыңға қанағаттанған жоқ, сол себептен, бір жағынан, аяп, тастап кете алмадым.

Зағип жандардың көпшілігінің халі осыған ұқсас. Төленетін ақша тым аз болғандықтан, көмекші тұрақтамайды.Өзгенің жетектеуіне зәру кісілер туыстарымызға масыл болдық, олар басқа жұмыстан бас тартуға мәжбүр деп отыр.

Дулат Асылханов, 1 топ мүгедегі:

Бүкіл мүгедектерге сегіз сағатқа дейін төленсін деген қаулы бар. Жеке көмекші - индивидуальный помощникке. Соны бұзып отыр. Тендерды ұтып алған корпоративный фонд на базе ОО КОС, оның президенті Тайманов деген кісі әркімге әрқалай төлейді.

Нәфиса Дәрібай, 1 топ мүгедегі:

Сегіз сағатын алты сағатқа, төрт сағатқа, екі сағатқа қысқартты. Мен былтырдан бері құзырлы органдардын барлығына жаздым, осы қай заңға сүйеніп қысқартылып жатыр деп.

Құзырлы орган өкілдерінің сөзінше, жеке көмекшінің қызметі бәсекелі ортаға берілген. Тендер өткізіледі, жеңіп алған тұлғамен келісім-шарт жасалады. Қызмет ақысы әлеуметтік саладағы маманның бір сағаттық жалақы мөлшерімен есептеледі екен. Нормасы күніне сегіз сағаттан аспауы тиіс.

Кенжегүл Қырықбайқызы, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

Қазақ соқырлар қоғамы арқылы жеңімпаз деп танылып, сол мекеме арқылы жүзеге асырылып келе жатыр. , тексеру жүргізіп, солардын жұмыс табелін толтырып, біздің бөлімге тапсырып отырады.Соған сәйкес төленіп отырады.122 миллионның үстінде қаржы қаралды.Бұл қаржы қызмет көрсетіп жүрген  жеке көмекшілерге жеткілікті денгейде

Қазақ соқырлар қоғамы өкілдері ақша жеткіліксіз дейді.Барлық көмекшілерге бірдей төлеуге мүмкіндік жоқ. Жұмыс істейтін мүгедектердің көмекшілері айына 45-50 мың тенге алатын көрінеді.

Болатбек Тайманов, қазақ соқырлар қоғамы «Қызылорда» корпоративтік қорының президенті:

Справкасын аламыз, жұмыс істейді деген, соған қарап береміз. 4 сағаттан жоғары береміз. Үйге отырғандарға 2 сағат, 3 сағат.  Ақша болса, ертең есептеп, бәріне бермей, алдынан 2 сағатпен келе жатқандар бар ғой, оларға 1-2 сағаттан қосатын шығармыз деп ойымыз бар.

Қызылорда қаласы бойынша 170-ке тарта мүгедектің көмекшілері 13 жарым мың теңгені қанағат тұтуға мәжбүр. Төзімі таусылған зағип жандар барлық құзырлы органдарға шағым жолдаған. Алайда, әлі күнге мардымды жауап жоқ.