Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

«Нұр Отан» партиясы балалардың жазғы демалысты пайдалы өткізуіне күш салып отыр

AstanaTV
30.05.2018ж. 20:00
3175
«Нұр Отан» партиясы балалардың жазғы демалысты пайдалы өткізуіне күш салып отыр

Мектеп оқушылары жазғы демалысын пайдалы өткізуі керек. Осы тұрғыда «Нұр Отан» партиясы балаларға арнап көптеген игі бастамаларды қолға алды. Оралда ағылшын тілін үйретуге басымдық беретін жазғы лагерь ашылды. Ақтөбе мен алматылық жеткіншектер  демалыс кезінде сандық технология негіздерін үйренеді. 

Бір мезетте 300-ден астам оқушы тынығатын кешенде «Үш тұғырлы тіл» партиялық жобасы аясында балалар ағылшын тілін үйренеді. Мүмкіндігі шектеулі балалармен қатар, патронаттық тәрбиедегі балғындар қоса қамтыған. Ресейдегі қазақ диаспорасынан келген 20 оқушы да осында демалуды қалайды.

Архат Исламғали, «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы саяси жұмыс бөлімінің консультанты:

Арнайы мамандарымыз және өз еркімен жұмыс жасауға келісетін волонтерлер ауызекі тілде сөйлесуге үйретіп немесе зат есімдерді ағылшын, орыс тілінде айтуға, одан кейін әрмен қарай тереңдетіп арнайы мамандарымыз оқытатын болады.

Ал, ақтөбелік өрендер жазғы демалыста жаңа технологияның жетістіктерін меңгереді. Қала мектептерінің бірінен ашылған ІТ сыныпта робот техникасына қызығатын балалар бағдарламалаудың базалық негіздерімен, дизайн, анимация және модельдеу ісімен танысады. Қазірдің өзінде 30 оқушы факультативке жазылған.

Серік Базылбек, оқушы:

Менің сүйікті пәнім - информатика. Маған скичап программасы ұнайды. Бұл программаның мүмкіншілігі көп. Бұл программамен кез-келген заттың нобайын жасауға болады. Мысалы, мен өзім информатика кабинетінің, көліктің нобайын және халыққа демалыс орнын жасадым.

Таразда электронды кітапхана ісі қолға алынды. Мұнда ашылған «Бродкастинг залы» керекті құралдармен толық қамтылған. Кітапхана қорындағы 242 мыңнан аса кітаптың 5 жарым мыңы цифрлы форматқа көшірілді. Тағы 145 құнды оқулық еліміздің Ұлттық электронды кітапханасына жіберілген.

Мұратхан Шүкеев, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Осы жобаның аясында біздің облысымызда тағы да қосымша осындай 3 коворкинг зал ашылады. Ол қосымша кітапханалардағы цифрландыру жұмыстары ары қарай аудандық, ауылдық кітапханаларда да жалғасын табатын болады.

Алматыда да мектеп оқушыларына арналлған IT сынып ашылды. Балалар бос уақытында әртүрлі компьютердік бағдарламалар жасауды үйренеді. Жалпы, жыл аяғына дейін тағы сегіз осындай бөлме ашу жоспарланып отыр. Айта кетейік, бұл бастамалар партияның «Үш тұғырлы тіл», «Балалар үшін тегін IT сынып», "Қазақстан кітапханалары" атты жаңа жобалары негізінде қолға алынған. 

Еркін Карин, Жақсыбек Кемал, Данияр Әлімқұл, Олжас Нұржақып