Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Қазақстанда 10 мыңға жуық мигрант қалып қойған - ҰҚК

AstanaTV
01.06.2018ж. 20:00
3033
Қазақстанда 10 мыңға жуық мигрант қалып қойған - ҰҚК

Қазақстанда 10 мыңға жуық заңсыз жүрген мигранттар анықталды. Басым көпшілігі Астана мен Алматыда. Бұлар негізінен Ресейден өз елдеріне қайтып бара жатып, жол жөнекей Қазақстанда қалып қойған. Көрші ел футболдан өтетін әлем чемпионаты қарсаңында шетелдіктерге қатысты шектеулерді күшейткен.

Астанада мамырдың 21-і мен 31-і аралығында «құқықтық тәртіп» деп аталатын жедел-профилактикалық іс-шара жүргізілген. Тексерудің 5-ші күнінде шахарда заңсыз жүрген 1650-ге тарта босқын анықталды. Олардың 1300-ге жуығына қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.

153 мигрант уақытша ұстау изоляторына қамалса, тағы 100-ге жуығы шекарадан шығарылған. Босқындардың көпшілігі Өзбекстан, Қырғыз Республикасы мен Тәжікстаннан келгендер. Арасында 5-10 жылдап Қазақстанда емін еркін жүргендері де бар. Құқық қорғау орындарына тіркелуді де қажет деп таппаған. Заң қызметкерлерін алаңдатып отырғаны да осы. Шақырылмаған қонақтар қылмыс жасаса, оларды анықтау шөп арасынан ине іздегенмен тең. Қолға түскен күннің өзінде беретін жауаптары бір-біріне ұқсас. 

Сәлім Ұзақов, Өзбекстаннан келген мигрант:

Құжат жинадым. Жұмыс істеп жүріп құжаттарымды жоғалтып алдым да. Енді оны қайта реттей алмай жатырмын. КСК-да сантехник болып істедім.

Рахим Тораев,  Өзбекстаннан келген мигрант:

Құжаттарым өртеніп кетті. Қайта рәсімдеуге мүмкіндік те, ақша да болған жоқ.  Құрылыста жұмыс істедім. Қазақстанда 5 жылдан бері жүрмін.

Мигранттар уақытша ұстау изоляторын демалыс орны дейді екен. 30 тәулікке қамалған оларға қысым жоқ, жұмыс та істетпейді. Есесіне тәулігіне 3 рет тамағын береді. Ресейде өтетін әлем чемпионаты кезінде босқындарға қатысты жағдай тіпті шиеленісуі мүмкін. Сондықтан мамандар арнайы пилоттық жоба жасаған. Енді кез-келген астаналық үй шаруасы мен құрылыс жұмыстарына 5 мигрантқа дейін заңды түрде тіркеуге ала алады.

Арман Баймұхамет, Астана қаласы ІІД көші-қон қызметі басқармасы басшысы:

1 жылдан соң олар шекарадан шығарылуы керек. Содан соң, егер қажет болса, оларды қайта шақыруға болады. Қайтадан сол жұмыстарды атқаруға.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Бұл бұйрық келімсектерді бақылауға алу мақсатында жасалып отыр. Мысалы, жыл басынан бері осы санаттағы 9 мың адамға жеке сәйкестендіру нөмірі берілген. Ал, ондай құжаттандырудан өтпейтіндер қаншама. Олар тіпті Астанада заңсыз асханалар ашып, баспаналар сатып алған. Бірақ тіркеуге тұрып, мемлекетке салық төлеуге құлқы жоқ.