Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Тұқымды субсидиялаудың жаңа ережесі: қарсылар да, қолдайтындар да бар.

AstanaTV
02.06.2018ж. 20:00
1953
Тұқымды субсидиялаудың жаңа ережесі: қарсылар да, қолдайтындар да бар.

«Негізгі» деген азық-түлікпен өзімізді толық қамти алатын әлеует бар. Оны айтасыз, адам саны көбейген және көбейе беретін әлем елдеріне экспортқа шығарып, баюға болады. Баю туралы «біртүрлі» естілсе, бір жүйеге келмей қойған ауыл шаруашылығының «күрмегін» тазартуға болушы еді дейік... Апта басында Ауыл шаруашылығы министрі салаға енгізілетін өзгерістер туралы хабарлаған соң, ол мәселелердің кейбірін біздің аймақтағы тілшілеріміз шаруалардан сұраған. СҚО-ғы «Полудинское» ЖШС тұқымды субсидиялаудың жаңа ережесіне наразы. Қазіргі уақытта кеткен шығынның жартысын мемлекет төлеп отыр. Ал жаңа схема бойынша өте аз бөлігі субсидияланады. Мысалы, бір гектар жерге тұқымның 140-160 келісі егіледі. Ал мемлекет субсидияны тек 4 келіге ғана бермек... Біз мәселені қаузап көрдік – босаған қаржы қайда кетеді? Мысалы, шаруалардағы техниканың қанша проценті тозған? Себебі тозған техниканың кесірінен де шығын артады. Жарайды, босаған қаржы техниканы жаңалауға бөлінеді делік. Бірақ әр шаруашылықтың жағдайы әр түрлі екені рас - бірінде жаңалау, бірінде алқам шүкір, бірінде нашар дегендей. Демек субсидия да соған қарап бөлінуі керек сияқты. Техникасы нашарға - субсидия көбірек техникаға, техникасы алқам шүкіріне - тұқымға көбірек субсидия деп. Білмеймін, ой ғой. Абзал Құрманкин сабақтайды.   

Сонымен Ауыл шаруашылығы министрінің пайымынша, астықтың сапасын арттыру үшін субсидиялау тәртібін өзгерту керек. Биыл субсидиялаудың жаңа механизмі іске қосылады. Шаруалардың белгілі нормаларға сай алған тұқымдарының 100 пайыздық құны қайтарылады. Ал кейбір шаруалар субсидия бөлудің қазіргі нұсқасын жөн көреді. Олардың айтуынша, министр жариялаған 100 пайыздық демеу қаржы шын мәнінде тиімсіз көрінеді. Жаңа жобада тұқым көрсеткіштері төменгі нормалар бойынша есептелмек, дейді диқандар. Бұл шаруалардың қазір алып отырған субсидиясынан әлдеқайда төмен.

Эльдар Омаров, диқан:

Мен жыл сайын элиталы тұқымның 45 тоннасын сатып аламын. Қазақстандық тұқымның 50 пайызы, ал Ресейден әкелінгеннің 30 пайызы субсидияланады. Бір гектар жерге дәннің 140-160 келісі қажет. Министрлік ұсынған жаңа жобада бір гектарға тұқымның 4 келісіне ғана демеу қаржы төленбек. Бұл бізге өте тиімсіз болып тұр.

Енді бір тарап ұтылмайтынын айтады. «Шағала-Агро» серіктестігі дақылдың 8 түрін өндіреді. Кәсіпорын 3 мың гектар жерге элиталы дәндерді сеуіп, артынша одан шыққан репродукцияларды шаруа қожалықтарына сатады. Бас агрономның айтуынша, шаруашылықтары жаңа ережеден ұтылмайды.

Владимир Шершенев, «Шағала-Агро» ЖШС бас агрономы:

Үшінші класты бидайдың бағасы 35 мың теңге болса, тұқымның құны субсидияны қосқанда, 50 мың теңгеден кем шықпайды. Бәрібір ұтылмаймыз. Өйткені тұқыммен айналысу тиімді.

Қазір сырттан тасылатын элиталық дәндердің субсидиясы көбінің көкейінде жүр. Өйткені жаңа жобада субсидияның нақты қай тұқымды қамтитыны көрсетілмеген. Бүгінде теріскейдегі алқаптардың үштен бір бөлігіне ресейлік тұқым егілген. Себебі жаңбырлы және орманды аймақ болып саналатын Қызылжар өңірінде қазақстандық дәндер кейде піспей қалатын көрінеді.

Виктор Асланов, зерттеу бюросының жетекшісі, бидай нарығының сарапшысы:

Шаруалар министрмен кездескен кезде ресейлік тұқым жөнінде сұраған болатын. Құзырлы орган өкілі оның субсидияланатынын растады. Бірақ бағдарламада бұл туралы айтылмаған. Бәлкім қосымша актілерде бұл мәселе айқындалатын шығар. Ресейлік тұқым түрлерін демеу қаржыға кіргізу керек деп ойлаймын.

Тұқымды субсидиялауға қаражат жергілікті бюджеттерден бөлінеді. Биыл Солтүстік Қазақстан облысында тұқымға 1,5 миллиард теңге демеу қаржы қарастырылған. Агро-өнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасына өзгертулер енгізілсе, онда аталған соманың қысқарары сөзсіз. Өткен аптада теріскейге жұмыс сапармен келген министр Өмірзақ Шөкеев техника жаңартуды қазіргі 2 пайыздан 6 пайызға дейін жеткізу туралы жоспарымен бөліскен болатын. Демек субсидиялаудан босаған қаржы ауыл шаруашылығы техникасын жаңалауға жұмсалмақ.

Қуандық Шакубаев, СҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидияны оңтайландыруды қарастыруда. Соның ішінде техниканы инвестициялауға қаражат бөлу ұсынылып отыр. Былтыр шаруашылықтар техниканың 1200 бірлігін сатып алған. Биыл оны 1310-ға дейін жеткізу жоспары бар.

Бүгінде қызылжарлық диқандарда 13 мыңнан астам трактор, 7,5 мыңға жуық комбайн мен 1000 тарта тұқым себу кешендері бар. Қазір тракторлардың 84, ал комбайндардың 72 пайызы тозған. Биыл техниканы субсидиялауға ел қазынасынан 3,7 миллиард теңге бөлінген. Қазір шаруалар сатып алған техника құнының 25 пайызын мемлекет өз мойнына алып отыр.

Субсидиялау механизмінің реформалануы іздегенге сұраған болды, дейді тәжірибелі диқан Асқар Мәдиев. Айтуынша, соңғы жылдары бидайдың құны екі есе түскен, ал шығын керісінше, ұлғайып отыр. Ескі техниканың кесірі де аз емес. Жаңа техника алу дүкенге барып бір бөлке нан сатып алу емес.

Асқар Мәдиев, «Петерфельд Агро» ЖШС бас директоры:

Бізде 8 Есіл комбайны бар. Ең алғашқысын 2010 жылы 27 миллион теңгеге сатып алдық. Соңғысы 2016 жылы 42 миллионға түсті. Биыл тағы төрт комбайн алуды жоспарлап отырмыз. Бірақ оның құны қазін 54 миллионға дейін өсіп кеткен. Ал субсидия көлемі артса, онда біздің банк алдындағы берешегіміз азаяды. Яғни техниканы көбірек сатып алу мүмкіндігі туады.

Абзал Құрманкин, тілші:

Субсидияны бөлу мәселесінде диқандардың пікірі қарама-қайшы келді. Бірі тұқымды көбірек субсидиялауды қолдаса, екіншілері техниканы алға тартады. Сондықтан бұл мәселеде әрбір шаруашылықтың жағдайына жеке-жеке қараған дұрыс сияқты. Қазір үкіметте ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынысы талқыланып жатыр. Нақтыланған құжатта азғантай топтың емес, барлық тараптың мүддесі ескеріледі деп үміттенеміз.

Абзал Құрманкин «Біздің Уақыт».