Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Кәсібінің атауын көрсеткені үшін айыппұл төлеуге міндеттелген

AstanaTV
26.02.2016ж. 20:00
2353
Кәсібінің атауын көрсеткені үшін айыппұл төлеуге міндеттелген

Алматылық тұрғын кәсібінің атауын көрсетіп, елді ақпараттандырғаны үшін 535 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Кәсіпкердің айтуынша, жергілікті билік маңдайшадағы жазуды жарнамамен шатастырып алған. Сондықтан «айыппұл негізсіз салынды» дейді ол. Мәселенің түйінін тарқатуға кәсіпкерлер палатасының араласуын сұрады.

Сүриям Низамдинова 2005 жылы көлік жуу орталығын ашқан. Кәсіпкердің айтуынша, өткен жылдың қазанында «Алматыжарнама» қызметкерлері маңдайшадағы «көлік жуу» деген жазуды өзін өзі жарнамалау деп танып, 83 мың теңге айыппұл салған. Алайда бүгінде оның көлемі 4-5 есеге көбейіпті.

Сүриям Низамдинова, кәсіпкер:

Егер біз жеңілдіктер болатынын хабарлап, тұтынушыларды шақырып жатсақ, «жарнама» деп айтуға болады. Бірақ бұл тек нысанның атауы ғана. Егер оны көрсетпесек, тағы да заң бұзамыз. Сондықтан кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрадым.

Мәселенің туындауына не себеп болғанын, қалалық кәсіпкерлер палатасының өкілдері де түсіне алмапты. Олар шұғыл кеңес өткізіп, сарапшылар мен «Алматыжарнама» өкілдерін шақырған. Басқосуда сәулет және қала құрылысы басқармасы қызметкерлері де болды. Жиналғандар маңдайшадағы жазу мен жарнаманың айырмашылығын ортаға салды. Аталған қос мекеменің мамандары маңдайшадағы жазуды тек сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары мен тұрмыстық қызмет түрлерін көрсететін сала ғана ілуге құқылы екенін жеткізді. 

Руслан Керімбаев, Алматы қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы:

«Жарнама» туралы заң 3 тармақты белгілеп берді. Сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары мен тұрмыстық қызмет түрлерін көрсететін орталықтар ғана маңдайша жазуын ілуге құқылы. Ал көлік жуу орталығына ілінсе, ол жарнама болып саналады. Сондықтан кәсіпкер салықты төлеуге міндетті. Салық соммасы нысанның алып жатқан аумағының көлеміне қарай есептеледі.

Көлік жуу орталықтары тұрмыстық қызмет көрсететін салаға жатпайтынын естігенде, сарапшылар мен кәсіпкерлер палатасының өкілдері таңданысын жасырмады. «Жарнама» заңын егжей-тегжейлі қарап шыққан заңгерлер де, палата өкілдері де кәсіпкер тарапынан заң бұзушылықтың жоқ екенін айтып отыр.

Қайрат Құдайберген, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

Мысалы, автомойка деп жазылмаса, қайдан адамдар біледі - бұл автомойка ма әлде магазин бе, химчистка ма? Сондықтан тікелей заңда оның реестрі болуы керек. Осы реестрдің арқасында құқықтық идентификация бере аламыз бұған. Ақтаңдақ барда осы заңда, жарнама туралы заңға біз осы реестрді нақтылап беруіміз керек.

Сергей Уткин, заңгер:

Көлік жуу орталығының тұрмыстық қызмет түрлерін көрсететін салаға неге кірмейтінін ешкім түсіндіріп бере алмады. Егер жарнамаға мынадай қызмет түрлері кіреді, не болмаса маңдайша жазуына мына қызмет түрлері кіреді деп нақты көрсетсе, бұндай жағдай болмас еді. Біз ол кезде барлық мәселе мемлекеттік мекемелерде емес, қабылданған заңда деп қарайтын едік. Ондай жағдайда Ұлттық кәсіпкерлер палатасына шығып, депутаттардың «жарнама» заңына толықтырулар енгізуін сұраған болар едік.

Айгүл Ермахан, тілші:

Қалалық кәсіпкерлер палатасы өкілдері «кәсіпкердің құқығы бұзылды» деп отыр. Оны бұзған «Сәулет және қала құрылысы басқармасы» мен «Алматыжарнама» қызметкерлері дегенді де қосты. Сондықтан олар кәсіпкер негізсіз салынған айыппұлды төлемеу керек деп отыр. Айыппұл салуын салып, бірақ оны не үшін салғанын жарытып түсіндіре алмаған мекемелердің мәселесін енді қалалық прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро департаменті қарайтын болды. Кәсіпкерлер палатасы өкілдері, жыл басынан бері қалада осы іспеттес 15 заң бұзушылық тіркелгенін айтып отыр.

Айгүл ЕРМАХАН