Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

ОҚО орталығы Түркістанға көшірілуі мүмкін

AstanaTV
06.06.2018ж. 20:00
3866
ОҚО орталығы Түркістанға көшірілуі мүмкін

Түбі бір түркі жұртының рухани астанасы саналатын Түркістан таяу мерзімде Оңтүстік Қазақстан облысының орталығына айналуы мүмкін. Бұл мәселе жергілікті билік өкілдері бас қосқан жиында көтерілді. Ал бүгін Президент аймақтағы Мақтарал мен Сарыағаш аудандарының әкімшілік аумақтарын бөлу туралы жарлыққа қол қойды. 

17 мамыр күні жарық дүние есігін ашқан мына сәби Шымкент қаласының миллионыншы тұрғыны болып тіркелді. Бүгін оған 2 бөлмелі пәтер кілті табысталды. Осылайша Шымкент елдегі миллион тұрғыны бар үшінші қала атанды. Сондықтан оған республикалық қала деген статус та берілді. Енді аймақтың мәслихат депутаттарының қарауына облыс орталығын Түркістанға көшіру мәселесін қарау жүктелді.

Жансейіт Түймебаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ елі үшін ғана емес, иісі түркі әлеміне ортақ Түркістанға ерекше көңіл бөліп, әрқашан қолдау білдіріп келеді. Маңызды орталық ретінде қасиетті рухани астанамыз Түркістанның таңдалуын халық зор ықыласпен қабылдады. Мұны біз Түркістан, Кентау қалаларының шекараларына өзгерістер енгізу барысында тұрғындармен жүргізілген қоғамдық тыңдаулармен өздеріңізбен талқылау барысында айқын сезініп отырмыз.

Облыс орталығын Түркістанға ауыстыру туралы  ұсынысты депутаттар қолдаса Үкіметтің қарауына жолданады. Тарихшылар да бұл өзгерістің ел үшін тарихи сәт болатынына сенеді. Түркістан  Ұлы Жібек жолы бойында жатқан мәдени қала болуымен қатар 15-16 ғасырда қазақ хандығының астанасы рөлін атқарғаны, көне астанада талай маңызды мәселелер қаралып, қазақтың тағдыры талқыға түскені тарихтан белгілі.

Баршагүл Исабек, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің проректоры:

Кеңес үкіметінің тұсында Түркістанның рөлі әдейі түсірілді. Өйткені қазақ халқында мемлекет болмады деген мәселе көбірек айтылды дағы, сондықтан Түркістанның рухани орталығы ретіндегі, астана ретіндегі маңызы көрсетілмеді. Ал мінекей, тәуелсіздіктің арқасында бүгінгі күні оның рухани орталығы ретінде және облыс орталығы ретінде де мәселе көтеріліп жатыр.

Бұл өзгерістен жергілікті тұрғындар құлағдар. Осы арқылы алыс аудандардағы халықтың да тіршілігі жақсарар еді дейді.

Түркістан қаласының облыс орталығы болуы тиімді. Аудандардың дамуына, тек қана облыс орталығы Шымкент емес, басқа аудандардың да дамуына үлкен өзінің әсерін тигізеді.

Самарқанд, Бұхара қалалары сияқты туризмге бәсекелестік тудырады. Біз өте қуаныштымыз, рухани қаламыздың облыс орталығы болып көшіп жатқанына.

Айта кетейік, бүгін мемлекет басшысы Мақтарал мен Сарыағаш аудандарының әкімшілік аумақтарын бөлу туралы жарлыққа қол қойды. Демек, Оңтүстік Қазақстан облысында тың өзгерістер болмақ.

Айзада Төребекқызы