Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Шетелдік инвесторлар кеңесінің 31-ші пленарлық отырысы

AstanaTV
06.06.2018ж. 20:00
3425
Шетелдік инвесторлар кеңесінің 31-ші пленарлық отырысы

Әлемде болып жатқан оқиғалар Қазақстанға да әсер етеді, бізге ол қиындықтарға төтеп беру керек. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 31-ші пленарлық отырысында осылай деді. Құрылғанына 20 жыл толып отырған кеңес қазақ экономикасына қанша инвестиция құйды? Инвесторлардың қаржысын тарта түсу үшін Қазақстан тағы қандай жеңілдіктер жасамақ? Инвестициялар ауқымын Айгүл Әдепбай санап келді.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Шетелдік инвесторлар кеңесі Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту үшін 1998 жылы құрылды. Бүгінде оның құрамына 35 ірі трансұлттық компания мен халықаралық ұйым кіреді. Салған инвестициялары екі жаққа да тиімді болу үшін қалталы шетелдіктер қап-қап ақшаларымен қоса, тың идеяларын ала келді.

Өйткені біз қаржыға да, жаңашыл идеяларға да зәруміз. Шетелдік бизнес алпаутыттарын жыл сайын шақыратынымыз содан. Нәтижесіз емес бұл шақыртулар. 1993-2004 жылдар аралығында елге 34,2 млрд $ инвестиция тартылды. 2005-2013 жылдары 183,8 млрд $ қаржы құйылса, бүгінде бұл сомма 300 млрд $ шамасына жетті. Инвестициялық климатты жақсартты Қазақ елі. Сөйтіп өткен жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қарасты инвестициялық комитеттің қауымдастырылған мүшесі атанды. Ең алдымен сот жүйесі жетілдірілді. Қазақ соты ақылды бола түспек.

Жақып Асанов, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы:

Біздің соттар керемет еместігін мойындаймыз. Соттар тәуелді деген пікірлер мен жемқорлыққа жол бар. Бірақ ол дамушы экономикасы бар барлық елдерге тән құбылыс. Президент инвестициалық әділ сот жүйесін енгізді. 2018 жылы 40 іс қаралса, оның 74 пайызы шетелдік инвесторлардың талаптары. Ал шешімдердің 38 пайызы шетелдіктердің пайдасына шешілген. Бұл дегенің 62,5 миллион доллар.

Жоғарғы сот төрағасының сөзінен мемлекет басшысының өзі шабыттанды. Ал шетелдік алпауыт компаниялардың тізгінін ұстап отырғандар қазақ экономикасының аяқ алысына оң баға беріп, әлемнің Қазақстан мұнайы мен газына тәуелді екенін мойындады.

Бен ван Берден, «Royal Dutch Shell PLC» концернінің бас атқарушы директоры:

2050-ші жылға дейін әлем қазіргі мұнай мен газ өндірісінің 85 пайызын қажет етеді. Және ұзақ уақыт аралығында дүниежүзі қазақ мұнай мен газына тәуелді болады. Қазақстан энергетикалық болашаққа ден қойды. Баламалы қуат көздерін қолданатын 1 гигаваттық ірі жобаның аукционына көптеген елдер қызығушылық танытып отыр.

Баламалы қуат көздерін дамытатын жобаларға шетелдіктер қызығып отыр. Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек осыны айтты. Ал Еуропа қайта құру және даму банкі қытайлық Risen компаниясының Қазақстандағы жобасын қолдады. Қарағанды облысында қуаттылығы 40 МВт жаңа күн электр станциясын қаржыландыруға 31,1 миллион доллар бөлді. Құжатқа энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти қол қойды. Жалпы Еуропа қайта құру және даму банкі Қазақстанға 9 млрд доллар инвестиция құйған. 

Сума Чакрабарти, Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті:

2017 жылы құны  700 млн доллар болатын 25 жобаға қол қойылды. Қазір біз Қазақстанның 12 аймағында жұмыс істеп жатырмыз. Ел аумағында 7 өкілдігіміз бар. Бұл басқа елдерге қарағанда әлдеқайда көп. Осы кездесу барысында тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарында көшедегі жарық жобалары мен баламалы қуат көздерін дамытатын алтыншы жобаға қол қойдық.

Ал ERG компаниялар тобы менеджерлер кеңесінің басшысы Александр Машкевич Қазақстанға мәліметтерді сақтаудың ұлттық орталығын құруды ұсынды.

Александр Машкевич, «ERG S. A. R. L» компаниясы менеджерлер кеңесінің төрағасы:

Мәліметтерді сақтаудың ұлттық орталығы нарықтағы барлық  ойыншылардың қатысуымен құрылып, сарапшылар мен ғалымдардың  жұмысын жеңілдетер еді. ERG өзінің мәліметтерін беріп, сараптамалар жасауға және тіпті орталықтың құрылысына көмектесуге дайын. Сонымен қатар тағы бір жүйелі құрылым - мәліметтерді сараптау орталығын құруды ұсынамыз. Олар нарықтың мұқтаждықтарын анықтап, оларды дер кезінде шешуге мүмкіндік береді.  Және мәліметтерге қатысты бірыңғай заң шығаруды ұсынамыз.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл ұсыныстарды қолдады. Қазақстанға сонымен қатар транзиттік тасымалдарды арттыруға ден қою керектігін айтты. Транзиттік тасымалдар арқасында 2020 жылға қарай жыл сайын 5 млрд доллар пайда табуға болады деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар маңызды бағыттар ретінде  ауыл шаруашылығы мен тауарларды қайта өңдеу және құрылыс пен инфрақұрылымды атады Президент. 

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Хочу поблагодарить за сегодняшнее содержательное выступление и предложения, которые нам очень важны, мы будем ими руководствоваться.  Сегодня все мы являемся свидетелями и участниками стремительных и глобальных перемен и трудностей, включая войны и терроризмы, санкционные противостояния государств, к сожалению, отсутствие согласия между великими державами. Эти трудности нам надо преодолевать, они, безусловно, задевают и Казахстан.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Мұхитқа шығар жолы жоқ Қазақстан темір жол, тас жол және теңіз бен әуе жолдарын дамыту арқылы әлемнің түкріп-түкірімен  байланыс орнатты. Ел экономикасын ілгерілете түсу үшін трансұлттық компнаияларымен ірі жобалар керек деп атап өтті президент. Яғни Қазақ елі инвестиция тарту бағытын одан әрі жалғастыра түспек. Ал инвесторлар кеңесінің кезекті отырысы 2019 жылдың алтыншы маусымында өтетін болды. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ