«Орманыңды
қорғап, Отаныңды сақтап қал». Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан мен ресейлік
өрт сөндірушілердің біріккен оқу-жаттығуы өтті. Мамандар өрт сөндірумен бірге,
от ортасынан адам құтқарып, табиғатты сақтап қалудың қыр-сырын үйренді.
Маздап
жанған от санаулы уақыттың ішінде қауіптілігі ең жоғары, бесінші санатты өртке
айналды. Қазақстан аумағында басталған жалынды жел қуып, көршілес Алтайдың ну
орманы қас қағымда отқа оранды. Бұл Қазақстан мен Ресей өрт сөндірушілері
жаттығуының сценарийі ғана. Ал істе орманға түскен өртті жүйрік көлікпен де қуып
жету екіталай.
Жағдайды
салқынқандылықпен бағалап, дұрыс шешім қабылдауға тілсіз жау санаулы минут қана
береді. Мамандар өртті жерден де, көктен сөндірдіріп бақты. Ошақ ортасына
арнайы орман отряды түсірілді. Құтқарушылар осыдан бірнеше жыл бұрын болған, аумағы
10 шақырымға жайылған өртті әлі ұмытқан жоқ. Шекаралас аймақтағы Беген,
Николаев ауылдарындағы үйлердің ол жолы мұржалары ғана қалып, адамдар қаза
болды.
Төлеуғазы
Сексенбаев, «Авиациямен орман қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету
қазақ базасы» РМҚК бас директоры:
Жаттығудың
мақсаты - жердегі және авиақызметтердің серіктесуі. Ресей шекаралас
болғандықтан, өрт жайылуының алдын алу үшін ресейлік әріптестермен бірлесіп
жаттығу өткізіп жатырмыз.
Сергей
Капустин, РФ ТЖМ өрт сөндіру бас басқармасының
Алтай өңірі бойынша бөлімше басшысы:
Өрт
Қазақстан, Ресей жері деп бөлмейді. Бұл жаттығу үйлесімді жұмыс істеуді
үйретеді. Сонымен қатар мамандар мен ведомство басшылары танысып, біліседі.
Қыстан
қалған қураған шөп өрт қауіпті. Алтай
өңірінің өрт сөндірушілері көктем келгелі 70-тен астам от ошағын сөндіріпті.
Оның ішінде 10 өрт екі елдің бірігуімен ауыздықталды.
Мәулен
Тәкежанов, «Апаттар медицинасы орталығы»
ММ ШҚО бойынша филиалының жетекшісі:
Ресейлік
әріптестермен осындай оқу-жаттығуда ғана кездесейік. Айтып келмейтін апаттан
сақтасын. Бірақ сақтықта қорлық жоқ.
Жаттығу
шекаралас аймақ кез-келген қауіпке әзір екенін көрсетті. Мамандардың әрбір
іс-қимылы шыңдалған. Дегенмен олардың әрқайсысы қауіпті маусым тыныш өтсе екен деп тілейді.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ