Adv pic
$474.47 €503.51 ₽4.88
×

Қызылжарда бірінші топтағы мүгедек ағаш шеберханасын ашты

AstanaTV
23.05.2016ж. 20:00
1377
Қызылжарда бірінші топтағы мүгедек ағаш шеберханасын ашты

Қызылжарда бірінші топтағы мүгедек ағаш шеберханасын ашты. Сергей Сапко ағаш өңдеумен осымен 8 жыл айналысып келеді. Былтыр ол «Даму» қорынан гранд ұтып, цехқа қажетті қосымша қондырғылар сатып алды. Ұста мұнымен тоқтамақ емес. Ол кәсібін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Мүмкіндігі шектеулі азаматтың белсенділігін аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді.

Сергей Сапкоға ағаш өңдеу шеберлігі әкесінен дарығанын айтады. Ол балалық шағында отағасына қолқанат болып, ағаштан ұсақ заттарды жасап үйреніпті. Алайда, ер жеткесін құрылыс саласына бет бұрған. Бірақ 8 жыл бұрын өндірісте алған жарақатынан жүре алмай қалған. Бастапқыда жаңа өміріне бейімделу қиын болғанын айтады. Дегенмен уақыт өте келе, сүйікті ісін қайтадан қолына алып, ермек еткен.

Сергей өз қорасын кішігірім шеберханаға айналдырған. Ұста көбінесе кәдесыйларды жасайды. Әсіресе қараторғайлардың ұясы мен ағаштан жасалған раушангүлдер сұранысқа ие. Айына ағаш бұйымдарының 4-5 данасы сатады. Петропавлда сұраныс төмендеу болғасын, ағаш шебері өз өнімдерін шетелдік көрмелерге жіберіп отырады. Былтыр кәсіпкер "Даму" қорынан 300 мың теңге гранд жеңіп алыпты. Қаржылай көмектің арқасында ол қондырғыларын жаңартты. 

Сергей Сапко, кәсіпкер:

Теледидардың алдында омалып отырғым келмеді. Алдымен бұйымдарды өзіме жасап жүрдім. Кейін көршілеріме сыйлай бастадым. Артынша бұл істің қолымнан келетініне қол жеткіздім. Ескі қондырғылармен жұмыс істеу қиын. Сондықтан былтыр 300 мың теңге гранд алдым.

Аймақтағы кәсіпкерлікті қолдау мекемесі соңғы үш жылда Сергей Сапкодан өзге 12 мүгедек жанға гранд бөлген. Қаржылай көмектің максималды сомасы - 300 мың теңге.

Гүлмира Жақыпова, «Даму» АҚ СҚОФ бас менеджері:

Бізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдайтын екі бағдарлама бар: «Даму көмек» пен «Жұлдыздарға қара». Бірінші жобаға сәйкес  «Даму» қоры мүгедек жандарға гранд бөледі. Ал екіншісі қайырымдылық бағытта іске асады. Яғни біз кембағал жандардың кәсібіне инвестор іздейміз. 2010 жылдан бастап күні бүгінге дейін 62 адамға демеуқаржы берілді.

Мүгедек болғанына қарамастан, мүмкіндігі шектелмеген Сергей Сапко тар шеберханасын кеңейтпек. Кәсіпкер өндірісін жандандыру үшін қайтадан гранд алуға үмітті.

Абзал ҚҰРМАНКИН