$474.72 €515.17 ₽5.58
×

БҚО су үшін Ресейге 600 миллиондай қарыз болып қалды

AstanaTV
23.05.2016ж. 20:00
1768
БҚО су үшін Ресейге 600 миллиондай қарыз болып қалды

Суды Ресейден алып отырған Батыс Қазақстан облысы биыл тіршілік нәрінен тарығуы мүмкін. Өйткені рубль бағамының құбылуынан су ақысы екі есеге қымбаттап кеткен. Бұл жайында арнамызға "Қазсушар" мекемесінің облыстық филиал мамандары айтты.

Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығына қажетті судың 80 пайызын Ресейден рубльмен сатып алады. Олар 1993 жылдан бері суға ақша алып келеді. Өңірге қажетті 107 миллион текше метр су үшін жыл сайын мемлекеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді. Аймақтағы бас инженер-гидротехник Шынболат Ермағамбеттің айтуынша, 40 миллион текше метр су сатып алуға ақша жетпей қалды. Бұл - шамамен 622 миллион теңге. Енді су шаруашылығы мамандары қосымша қаржы көзін іздеуге кіріскен. Егер су қажетті мөлшерде сатып алынбаса, өңірдегі өзен-көлдер суалып қалуы мүмкін, - дейді салаға жауапты мамандар.

Шынболат Ермағамбет, "Қазсушар" РМК БҚОФ бас инженер-гидротехнигі:

Бюджетті қорғау кезінде теңгеге шаққанда рубльдің курсы 3,5 тг болған. Сол бағаммен өтіп кетті де, артынан курс өсіп кетті. 622 миллион теңгедей қосымша ақша керек, жеткілікті су алу үшін. Үкімет пенен облыс әкімдігі жұмыстанып жатыр. Бізден сұратылған есептер мен материалдардың бәрін әкімдікке де бердік, Астанаға да бердік.