Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Павлодарда қатты нөсерден көшелер көл-көсір суға толды

AstanaTV
16.07.2018ж. 20:00
2081
Павлодарда қатты нөсерден көшелер көл-көсір суға толды

Кереку Венецияға айналды. Аймақта бір күнде жауынның бір айлық нормасы түскен. Әкімдік мамандары осылай деп отыр. Кейбір жерлерде электр жарығы өшіп, тас жолдағы төсемдер опырылып кетті. Тосыннан жауған толассыз жауын тұрғындарды әбігерге салды. Әсемгүл Мұхитқызы баяндайды.

Әсемгүл Мұхитқызы,  тілші:

Екі сағаттай "шелектеп" жауған нөсерден басты көшелер судың астында қалды. Жолдан өтіп бара жатқан орыс кемпірдің видеосы }Көліктер суда жүзсе, далада қалған жұрттың тізеден жоғары су кешуіне тура келді. Толассыз құйған жауын жекеменшік сектор тұрғындарын да әбігерге салды. Жерасты суының көтерілуі аз болғандай 2-ші Павлодар аумағындағы екі жүзге тарта баспана тұрғындары енді жаңбыр суымен алысып жатыр.

Сонда шамамен қанша метрге көтеріліп тұр мына су? - Шамамен 50 см. Нақты жарты метрден көп көтеріліп тұр. Қайдан шығып жатқанын білмейміз. Қалай келіп жатыр. Бір құдай біледі. 

Әуелде ақ сарайдай болған бұл бес бөлмелі үйдің қазір сау тамтығы қалмаған. Көктемде жерасты суы көтерілгенде зал мен жатын бөлмелер суда қалыпты. Орынтай апайдың айтуынша, едендегі тақтайлар әдейі жұлынған. Осылайша кептірдік,-дейді. Бірақ, кешегі қатты нөсер баспананы қара суға малып қойды. Енді су іргеден ғана емес, төбеден де сорғалап тұрғанын түсіне алар емес.

Орынтай Амангелдиева, Павлодар қаласының тұрғыны:

Есіктің алды кеше көл болды. Енді қайда барарымызды білмей жатырмыз. Қайтеміз?! Кімге кіріп, көмек сұраймыз, білмейміз шынын айтқанда.

Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің ақпарынша кеше жауын-шашынның айлық нормасы түскен. Мамандар нөсер салдарын жоюға кіріскен.

Николай Казанин, Павлодар қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

Жауын суын сорғылау үшін он текше метрлік тазартқышы бар үш техника жұмылдырылды. Жұмыс кеше басталып, таңғы төртке дейін жалғасты. Біршама үзілістен кейін, бүгін таңғы сегізден тиісті шаралар қайта жанданды.

Нөсерлі жаңбырдан көңіл көтергендер де табылды. Үрмелі матраспен діттеген жеріне жетпек болған жігіт пен ескекаяқ киіп шалшықта жатқан кісінің бейнесі әлеуметтік желілерді шарлап кетті.

Әсемгүл Мұхитқызы,  тілші:

Бірақ зардап шеккендер күлетін жағдайда емес. Олар шығындарын өздері көтермек. Ауа райының тосын мінезінен кейбір көшелер мен аулаларда асфальт төсемдері де сыр берді. Тіпті, кей жерлерде жабындылар опырылып кеткен. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығындағылар бұл жерлерді қалыпқа келтіру жұмыстары су кепкен соң басталатынын айтты.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ