$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Оралда күл-қоқыс контейнерлерінің тапшылығынан тұрғындар зиян шегіп отыр

AstanaTV
18.07.2018ж. 20:00
5085
Оралда күл-қоқыс контейнерлерінің тапшылығынан тұрғындар зиян шегіп отыр

Оралда күл-қоқыс контейнерлері тапшы. Жауапты сала өкілдері мұны қала аумағының ұлғаюымен байланыстырады. Сондықтан жаңадан пайда болған ықшам аудандар қамтылмаған. Ал қоқыс жәшігінсіз отырған жұрт тұрмыстық қалдықтардан ауру тарай ма деп қауіптенеді.

Еркін Карин, тілші:

Желді күндері бұл жермен жүру мүмкін емес. Өйткені мұндағы қоқыс атаулы желмен көтеріліп, аспанға ұшады және айналадағы аулаларды басып қалады. Ал тұрғындар жазатайым от шықса, дүние-мүлкіміз өртеніп кете ме деп қорқады.

Райхан Ниязова, Орал қаласының тұрғыны:

Біздер осы мясокомбинаттың депутаты кім екенін де білмейміз. Бізде жиі өрт болып тұрады. Пакеттер ұшады. Пожарныйды біз күнара шақырып тұрамыз, балалар да жағып жібереді. Арбамен де әкеп төгеді, ана физкультурныйдан да әкеп төгеді. Осы араның халқы да әкеп төгеді. Бәрі төгеді осындағылардың.

Тұрғындардың сөзінше, бұл - үш жылдан бері жиналған қоқыс. Жергілікті биліктен күдер үзгесін, өздері ақша жинап, арнайы техникамен осы аумақты тазалаған. Бірақ бұдан да қайран болмапты. Қоқыс жәшігі болмағасын, тұрғындар сай-саланы тұрмыстық қалдықтарға толтырған. Өйткені басқа апарар жеріміз жоқ дейді.

Юлия Асиновскова, Орал қаласының тұрғыны:

Адамдар қалдықтарды осында түнде көлікпен әкеліп төгеді. Біреу өлген торайды тастапты, енді бірі мүшеленген жылқының өлімтігін лақтырып кеткен. Жақын маңда мал ұстайтын адамдар жануарлардың тезегін осында әкеледі. Малдың өлімтігінен ауру шықса, бәрімізге жұғатыны анық.

Ал жауапты сала өкілдері мұны қала аумағының ұлғайғанымен байланыстырады. Яғни шығарылар тұрмыстық қалдықтардың көлемі жылына 750 мың текше метрге дейін көбейіп отыр. Сондықтан қоқыс жәшіктерімен қамтып үлгірмей жатса керек.

Асылан Даубаев, Орал қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы секторының бас маманы:

Қала бойынша 2670 қоқыс контейнері орналасқан. Оның жалпы пайыздық үлесі бойынша тозу үлесі 37 процент және де бүгінгі күні бөліммен бюджеттік өтініш дайындалуда. Егер де қаражат бөлінген жағдайда тозған контейнер жаңасымен алмастырылып, жетіспеушілік бар мекендерге қойылатын болады.

Қазір қоқыс басқан жер арнайы техникамен тазартылып жатыр. Дегенмен мұнда қоқыс жәшігінің қашан орнатылары белгісіз. Ал ең жақын контейнердің өзі екі-үш көше шалғайда жатыр. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі 700-дей контейнерге тапсырыс бергенімен, оның қашан сатып алынарын өздері де білмейді.

Еркін КАРИН