$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Дизельдік отынның қымбаттап кетуі павлодарлық шаруаларды тығырыққа тіреді

AstanaTV
31.07.2018ж. 20:00
2550
Дизельдік отынның қымбаттап кетуі павлодарлық шаруаларды тығырыққа тіреді

Дизельдік отынның қымбаттауы павлодарлық шаруаларды тығырыққа тіреді. Фермерлердің сөзінше, көктемгі дала жұмыстары басталғалы жанармайдың бұл түрі 30 пайызға қымбаттаған. Шаруаларға берілетін жеңілдетілген дизель отыны қанша теңгеден беріліп жатыр? Ол жеткілікті ме? Мән-жайды Әсемгүл Мұхитқызы анықтап көрді.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Күзгі жиын-терім жақындаған сайын солярка бағасы да құбылып тұр. Павлодар өңірінде дизельдік отынның құны соңғы үш айда 30 пайызға өсті,-дейді шаруалар.

Қазір жанармай бекеттерінде солярканың литрі 184-187 теңгенің аралығында сатылып жатыр. Кей жерлерде баға 190 теңгеге жеткен. Фермерлердің шырылдауы бекер емес. Жеңілдетілген дизель жетпегендіктен, қалғанын нарықтан алуға мәжбүр екендерін айтады. 

Ерлан Тоқтұшақов, шаруа қожалығының басшысы:

Егер барлық шығынды алар болсақ, жанар-жағармайға шығынның 50 пайызы кетеді. Сондықтан бағаның қымбаттауы өнімнің өз бағасын өсіреді. Сәйкесінше, бұл біз өсіретін өнімдердің де құнына әсер етері анық. 

Ал жергілікті шенділер айтарлықтай проблема жоқ деп отыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратынша, фермерлер тиісті жеңілдетілген дизельдік отынды уақытында алады. Бірақ бағасы сәл қымбатырақ. Бұған соляркамен қамтитын оператордың ауысқаны себеп болған.

Есентай Мұрсалимов, Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

Бұрынғы оператормен салыстырғанда бағасы қымбат. Бұрын 3088 теңге болса, қазір 6800 теңге. Тоннасы 186 500 тұрады. Оның литрмен есептесек, 157 теңгеден келеді. Жанармай бекеттеріндегі баға 182-185 теңгенің арасында. Сонда 30 теңгеге арзан.

Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар биылғы егін жинау науқанына 21 мың тонна жеңілдетілген дизельдік отын қарастырылғанын айтты. Шілдеде - 6 мың, тамызда - 7 мың, ал қыркүйекке 8 мың тоннадан үлестірілген.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Қазірде тиісті ауқымның тең жартысына келісімшарт жасалыпты. Шенділер басқа өңірлермен салыстырғанда, Павлодарда дизельді отынның құны айтарлықтай арзан деп отыр.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ