$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Астана 2020 жылы табиғи газбен қамтамасыз етіледі

AstanaTV
03.08.2018ж. 20:00
2767
Астана 2020 жылы табиғи газбен қамтамасыз етіледі

Табиғи газдың шапағатын Астанамен қатар Қараөзек-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау газ құбыры бойында орналасқан елді мекендер де көре алады. Бұл туралы Президентінің бес әлеуметтік бастамысын іске асыруды бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшелері айтты. Бүгін олар Қызылорда облысына барып, бастамалардың іске асырылуын бағамдады. Шарипа Сақтапова толықтырады.

«Қараөзек» - жоғары технологиялық газ компрессорлық стансасы. Көгілдір отынның солтүстік аймақтарға жолы осы жерден басталмақ. Нысанды іске қосу 2019 жылдың соңына жоспарланған. Елбасының бес әлеуметтік бастамасын іске асыруды бақылау бойынша қоғамдық кеңес жұмыс барысымен танысып шықты. 1081 шақырымға созылған газ құбыры Жезқазған, Қарағанды, Теміртау қалалары арқылы Астанаға жеткізіледі.

Зияш Қияқбаев, ҚР Энергетика министрлігі газ өнеркәсібін дамыту департаментінің басшысы:

Қазіргі таңда газбен қамтамасыз ету саласындағы ұлттық оператор жобалық сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. Жобамен тамыз айының соңына дейін мемлекеттік сараптаманың қорытындысы дайын болады. Елбасының тапсырмасына сәйкес, құрылысты 2019 жылдың аяғына дейін бітіру қажет. Яғни 2020 жылдан бастап осы газ құбыры бойындағы барлық елді мекен газды пайдалануы тиіс. 

Қоғамдық кеңес мүшелері қаладағы жеке клиниканың да тыныс-тіршілігімен танысты. Нысан «Даму» қоры арқылы алынған кепілсіз несиеге салынған. Елбасының төртінші бастамасында айқындалған бағыт бойынша жұмысын дөңгелеткен медициналық мекеме емді дәрімен емес, тек шөппен жүргізеді. Қоғамдық кеңес төрағасы Бақытжан Жұмағұлов облыста "Қолжетімді баспана" аясындағы іске асырылып жатқан «Орда» бағдарламасын да атап өтті. Тұрмысы төмен отбасыларына арналған бастаманың басты ерекшілігі: тұрғындар алғашқы жарнасын төлемейді. 

Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Президентінің бес әлеуметтік бастамасын іске асыруды бақылау бойынша қоғамдық кеңес төрағасы:

4 шілдеде "7-20-25" бағдарламасы басталып кетті. Қазірдің өзінде 500-ден астам адам инновациялық кредит алып, жұмыстарын істеп жатыр. Нақты кімге пәтер беру керек, солардың ішінде. Ерекше үлгі болатын нәрсе - ол "7-20-25" деген бағдарламаның ішінде бәрінің қоятыны бір сұрақ: алғашқы взносты біз төлеуге жағдайымыз жоқ дейді. Осы мәселені Қызылордада өте жақсы шешкен екен. Біз талқылап қарадық, осы мәселені Алматы мен Қызылорда шешіп тұр. Бұл тәжірибені біз басқа облыстарға да таратуымыз керек деп ойлаймын.

Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, жұмыс сапарының нәтижесі, сондай-ақ бес әлеуметтік бастаманы аймақтардың іске асыру барысына арнайы талдау жасалады.

Шарипа САҚТАПОВА