$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Индонезияда жойқын жер сілкінісінен 100-ге жуық адам көз жұмды

AstanaTV
06.08.2018ж. 20:00
3512
Индонезияда жойқын жер сілкінісінен 100-ге жуық адам көз жұмды

Индонезиядағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ. Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы осылай деп мәлімдеді. Ал зілзала болған аймақта қанша қазақстандықтың демалып жатқаны белгісіз. Өйткені азаматтар екі ел арасында визасыз емін-еркін жүре алады. Ал табиғи апаттан қаза тапқандар саны 100-ге жуықтады. Құрбандар саны әлі де артуы мүмкін деген жорамал бар. Зілзала Индонезияның Ломбок аралында болды. Еуропа-Жерорта теңіз сейсмологиялық орталығының ақпаратына сүйенсек, тербеліс 7 баллға жеткен. 1 миллионға жуық адам апат аймағынан эвакуацияланған. Ел үкіметі цунами соғу қаупі туралы дабыл қаққан болатын. Кейін қауіптің беті қайтқаны хабарланды. Қазір аралдағы көптеген ғимараттар қирап, электр желілері істен шыққан.

Сутопо Пурво Нугрохо, Индонезия табиғат апатты ауыздықтау агенттігінің төрағасы: 

Қайтыс болғандардың барлығы - индонезиялықтар. Ал шетелдіктер жайында әзірше ешқандай ақпарат жоқ. Қатты жер сілкінісі болған аралдардан шамамен 900-ге жуық азаматты қауіпсіз жерге орналастырдық. Бірақ әлі де 700-ден астам адамды эвакуациялау қажет.