Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру аясында Павлодар өңірінде 9 жатақхана салынады

AstanaTV
08.08.2018ж. 20:00
2696
«Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру аясында Павлодар өңірінде 9 жатақхана салынады

Павлодарда биыл студенттерге арналған 9 жатақхананың құрылысы басталады. Бұл "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" аясында қолға алынып отыр. Студенттер үйінің салынатын орны, жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Бұл жайында республикалық қоғамдық кеңес төрағасы Бақытжан Жұмағұлов пен "Нұр Отан" партиясы хатшысы Фархад Қуанғановтың жұмыс сапарында белгілі болды. Жергілікті билік инвесторлар тартуды жоспарлап отыр. Айта кетері, бастамалардың іске асыру жұмысы «Нұр Отан» партиясының жіті бақылауында. 

Павлодарға арнайы ат басын бұрған қоғамдық кеңес мүшелері алдымен былтыр ғана пайдалануға берілген түсті металлургия колледжінің жатақханасын аралады. Заманауи талаптарға сай жабдықталған нысан 200 орынға шақталған. Бір бөлмеде екі студенттен тұрады. 

Александр Болдашевский, Павлодар түсті металлургия колледжінің директоры:

Студенттер үйінде жаттығу залы мен хореография залы бар және жастардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін де қажет алаңдар жасақталған. Сондай-ақ, жатақханада мүмкіндігі шектеулі студенттердің де жағдайына көңіл бөлінді. Пандустар орнатылып, кейбір бөлмелер олардың қимыл-қозғалысына қарай ыңғайланған. 

Аймақта тұрғын үй құрылысы да қарқын алған. «7-20-25» бағдарламасы аясында 255 пәтер беру жоспарланып отыр. Биыл оның 4 мың шаршы метрі қолданысқа берілмек. «Сарыарқа» мөлтек ауданының өзінде 13 көп қабатты үй салынып жатыр. Өңірде «Шағын несие беруді көбейту» бағыты да оң жолға қойылыпты. Жылытуға қажетті материалдар мен мүсіндерді жасайтын «Пархоменко» кәсіпорны 10 млн теңгелік несие алған. Айтуларынша, олардың өнімдеріне сұраныс жоғары. Әлеуметтік бастамалар шеңберінде атқарылған жұмыстар туралы арнайы кеңесте де есеп тыңдалды.  

Бақытжан Жұмағұлов, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» бақылау жөніндегі РҚК төрағасы:

Бес әлеуметтік бастаманы іске асыруды, қоғамдық бақылау жасауды "Нұр Отан" партиясына Елбасы тапсырды. Осыған орай респубикада Қоғамдық кеңес құрылды. Бұл Елбасының, ең бастысы партияға деген, бізге деген үлкен сенімі деп білеміз. Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын тиімді іске асыру үшін мемлекет барлық қажетті шараларды қабылдағанын баршаңыз жақсы білесіздер.

Республикалық қоғамдық кеңес төрағасы Бақытжан Жұмағұлов, аймақтардағы "Бес әлеуметтік бастаманы" іске асыру бойынша арнайы талдау жасалатынын жеткізді. Әр мәселе сараланып, Үкіметке жеткізілмек. Кеңес мүшелерінің сапары Екібастұз қаласында жалғасты. Кеншілер шаһарында олар бірнеше кәсіпорынның жұмысымен танысты.