Қарағандыда құрылыс компаниялары тендерге қатысудан бас тартып жатыр. Оған себеп осы сала қызметінің арзандауы. Құрылысшылар қауымдастығындағы арнайы комиссия мәселені осылай деп түсіндірді. Олардың мәлімдеуінше, мемлекеттік сатып алуға қатысатын шағын фирмалар өз қызметіне 50 пайыз жеңілдік жасайды. Есесіне сапасыз қызмет көрсетеді деді. Ал ірі құрылыс компаниялары мардымсыз қаражатқа сапалы жұмыс болмайтынын жақсы түсінгендіктен, тендерден қашатын болған. Мемлекеттік мекемелерге техникалық қадағалау жүргізетін «Стройтехнология» серіктестігінің өкілдері байқауға не кеңсесі, не жұмысшысы, не техникалық қоры жоқ мердігерлер қатысып, бюджет қаржысын иемденіп жатқанын айтты.
Александр Воробьев, «Стройтехнология» ЖШС директорының орынбасары:
Қарағанды облысында кәсіби мамандары, техникасы бар жақсы құрылыс компаниялары мемлекеттік тапсырысқа қатыспайтын болды. Байқауға ештеңесі жоқ, тіпті өзге аймақтан келген фирмалар қатысады. Қазір алдында компьютері бар кез келген адам порталға кіріп, өз бағасын көрсетеді, осымен бітті. Ешкім оның техникалық базасы, жұмыскері, тәжірибесі бар ма, тексермейді. Кәсіпкерлікті қолдалық делік, бірақ нәтижесі мынау.
Қарағандыдағы мәдениет үйінің жөндеу жұмысы мердігер мен тапсырыс беруші арасындағы даудың кесірінен аяқталмай қалған. 54 пайыз жеңілдік жасаған «Техстройснаб ЛТД» серіктестігі шілденің 5- іне дейін сымдарды айырбастап бітуі тиіс еді. Алайда мыс сымдардың орнына арзан алюминий тартқаны үшін жұмысты қайта істеп жатыр. Мамандардың айтуынша, оның үстіне арзан жабдықтар мен аспалы шамның бағасын да аспандатып жіберген. Мұнымен келіспеген мәдениет үйінің басшысы компанияның жұмысын қабылдамай сотқа берген.
Айгүл Дементьева, Қарағанды қаласы мәдениет үйінің директоры:
Біз сметалық құжатта жұмыс сапалы болатындай сома бекітеміз. Мердігер болса, жеңілдік жасай отырып, саналы түрде не сапасыз құрылыс жабдықтарын пайдаланады, не жұмысты нашарды істейді. Енді келісімшартты бұзып, мердігермен соттасамыз.