Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Елімізде көз қасаң қабығын трансплантациялаудың жаңа әдісі жүзеге асты

AstanaTV
23.08.2018ж. 20:00
6416
Елімізде көз қасаң қабығын трансплантациялаудың жаңа әдісі жүзеге асты

Өлген адамның дене мүшесі өзгеге өмір сыйлауы мүмкін бе? Осы сұрақтың жауабын Алматыдағы Қазақ көз аурулары ғылыми зерттеу орталығының мамандары беріп отыр. Алматыға Америкадан ғалымдар келіп, өздерімен 50-ге жуық көздің қасаң қабығы донорын ала келді. Осылайша, 4 күндік тәжірибе алмасу барысында еліміздегі көз ауруымен ауыратын науқастарға ота жасалған. Көз бөлшегі шетелдікі демесеңіз, елдегі азаматтар оған разы. Әрине, дәл осы көздің қасаң қабығын транспалантациялау елімізде алғаш рет жүзеге асып отыр. Қалай? Нәтижесі көңіл көншіте ме? Әріптесім Олжас Нұржақып тарқатады.

7 жасар Әлинұрдың көз жанарына осыдан 3 жыл бұрын зақым келіпті. Үйдегі шаруа барысында химиялық қоспа тамып, қарашықтың бетінде ақ дақ пайда болған. Мұнан кейін оның көруі де қиындай бастаған. Ал жергілікті дәрігерлер емнің жоғын айтады. Араға жылдар салып, жаңашылдыққа жол ашылар тұста арнайы Тараздан жолдамамен келген екен.

Қарамаддин Сержанов, Әлинұрдың әкесі:

Бірінші рет жасалып жатқан операция екен. Сәтті өткеніне қуаныштымын. Алланың кереметімен, Құдайға шүкір, жақсы балам. Көздің қарашығынан ақ пайда болды. Қазір дақ жоқ, көріп отырсыздар ғой. Көзін ашып, ойнап отыр. Дақ қалмады. 10-15 күн ем аласыздар деді. Сосын жібереміз деді. Жергілікті дәрігерлерге қараласыздар, жақсы болады деп жатыр.

Әрине, бұл мүмкіндік еліміздегі қасаң қабық патологиясымен ауыратын науқастар үшін жақсы жаңалық. Америкалық ғалымдар консервіленген донорлық материалдарынан бөлек, сол трансплантацияның жаңашыл методикасын да кеңірек түсіндіріп отыр. Бұрындары көз ауруын емдеу үшін түгел дерлік жанарды ауыстыруға тура келетін. Енді жаңашыл әдіс арқылы оның тек сыр берген тұсын ғана емдеу мүмкін болып отыр. Дей тұрғанымен, елімізде донор жағы қиын, дейді дәрігерлер.

Марат Сүлейменов, «Қазақ көз аурулары ғылыми зерттеу орталығы» АҚ басқарма төрағасы:

Бізде донорлық материал табу қиын. Қасаң қабық мүлде жоқ. Америкада бұл жүйе жақсы жолға қойылған. Яғни, бір адам көз жұмса, оның сау бүйрегі, бауыры мен осы көз қабығы тірі жанның сырқатына ем ретінде алынып отырады. Оған сол мемлекеттің халқы  үйренген. Ал бізде басқаша. Жыл аяғына дейін америкалық ғалымдермен бірлескен жұмыс аясында 70 қазақстандық науқасқа ота жасалу жоспарға қойылып отыр. Мемлекет тарапынан да бөлінген квота саны осындай.

Консервіленген тін логистикалық шығындарымен қоса шамамен 1000 доллар тұрады. Келешекте аталмыш институт шетелдік азаматтардың көз ауруларын емдеуді жоспарлап отыр. Шетелдік дәрігерлердің айтуынша, қазақстандықтарға мәйіттердің донорлыққа қатысты көзқарасын өзгертіп, өздерінің донорлық банкін құру қажет. Қазір АҚШ елдерінде көздің қарашықтары өте көп. Тіпті артығымен толып тұр. Қайтыс болғаннан кейін американдықтар келісімді жүргізуші куәліктері мен басқа да құжаттар да көрсетеді. Тіпті бұлардың 99 пайызы оң жауап беретін көрінеді.

Бен Лэмбрайт, дәрігер-офтальмолог (АҚШ):

Мен сіздің елде донорлық банктің жоқтығы мәселесі үлкен проблема екеніне толықтай келісемін. АҚШ-та мұндай мәселе жоқ. Біздің ішкі органдарымыз басқа адамдар үшін пайдалы бола алатынына қуаныштымыз. Кезінде менің өзімде де жақын туысымның ішкі ағзасын өзгеге беру не бермеу таңдауы болған. Осыдан 2 жыл бұрын менің ағам қайтыс болды. Содан біз оның көзі арқылы өзгенің өмірін ажалдан сақтап қалуды шештік. Оның көздің мүйізгек қабығы өзгеге тағы бір өмір сыйлағанын нақты білем.

Жаңа технология бойынша бес науқасқа трансплантация жасалды. Барлық оталар сәтті өткенін дәрігерлер де айтты. Ал институт болса, алдағы уақытта да консервіленген көздің қабығына тапсырыс беруді әрі қарай да жоспарлап отыр. Елде барлығы 700-ге жуық  қазақстандық трансплантациялауды қажет етеді. Бұдан басқа да органдармен  жағдай онша емес. Мыңдаған науқасқа бүйректі ауыстыру керек. Ал шамамен 500-ге жуық бауыр, 50 қазақстандық өздерінің донорлық жүректерін де асыға күтуде. Бірақ әрине, барлығы да өздерінің қуанышты күндерін көре алмайды.