Негізгі / Жаңалықтар / Инфляция деңгейі Үкімет белгілеген дәлізден асып кетуі мүмкін

Инфляция деңгейі Үкімет белгілеген дәлізден асып кетуі мүмкін

Теңге құнсызданып барады. Инфляция деңгейі Үкімет белгілеген дәлізден асып кету мүмкін. Бүгін Ұлттық банк  төрағасы премьер-министрге жағдайды баяндап, әкім-қаралар нарықты қымбатшылықтан құтқару үшін, алдын ала қамдану қажет деп кеңес берді. Теңгенің әлсіреуіне тағы не түркі болды? Әріптесім Дәуренбек Бақдәулет анықтап көрді. 

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Осыған дейін, экономкалық блокқа жауапты министрлер теңгеге де, басқасына да санкциялар еш әсер етпейді деп бой бермей келген. Тіпті АҚШ пен Қазақстан арасында өзара келісім бар дегенді алға тартты. Алайда, бүгін үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев санкция салқыны бізді де айналып өтпейтінін мойындады. Өйткені теңге былтырғы жылмен салыстырғанда едуәр әлсіреген. Бұлай кете берсе, жылдық инфляция Үкімет күткендей 6 пайыз емес, одан асып жығылуы мүмкін дейді. Теңгенің әлсіреуіне әсер еткен факторларды тізбектеп берді.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Біріншіден, бұл Ресейге қарсы санкция салдарынан, екіншіден, ұлттық валютаның құнсыздануы. Мұнай бағасының құлдырауы да себеп.  Төртіншіден, әлеуметтік шығындар мен несие көлемі артқан. Сондықтан үкімет пен жергілікті атқарушы билік Ресейге салған санкция салдарынан әлсіреуі ықтимал нарықтарды анықтап, алдын алу жұмыстарын жүргізуі тиіс.

Инфляцияның белгілеген межеден 1 пайызға артық болатынын Сүлейменов де болжай бастаған сыңайлы. Негізі биыл 6 пайыз, келесі жылы 5 пайыз, 2020 жылы инфляцияны 4-ке дейін түсіреміз деген жоспар болған. Бірақ санкция бүйірден соғады деп кім ойлады.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Қазіргі теңге бағамына сәйкес инфляция деңгейі 1 пайыздық тармаққа ұлғаюы мүмкін. Теңгенің біршама әлсіреуін және инфляцияның маусымдылығын ескере отырып, 2018 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 6,6% - 6,8% болады.

Дегенмен министр былтырғы жылмен салыстырғанда биыл қымбатшылық аса байқалмайды деді. Мәселен, азық-түлік тауарлары 2,3% -ға, (2017 жылғы 8 айда - 3,6%). Азық-түлік емес тауарлар - 3,6% (2017 жылғы 8 айда - 4,2%),  Ақылы қызметтерге бағалар мен тарифтер 3,0%-ға (2017 жылғы 8 айда - 4,0%) ғана өскен.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Министр Тимур Сүлейменов азық-түлік бағасын бақылауда ұстау үшін, әкімдерді сол баяғы тұрақтандыру қорларын уақытында толтыруға шақырды. Сондай-ақ көмір мен дизель отынын үздіксіз жеткізу жұмыстарды күшейту қажет деді. Ал бүгін көкқағаз айырбас пункттерінде рекордты бағам орнатты. Бір доллар 367 теңге.