Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

«Өзге пікір» айдары

AstanaTV
28.05.2016ж. 20:00
1672
«Өзге пікір» айдары

Ассалаумағалейкүм! Осы аптада Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы көрші қырғыз бауырларды өкпелетіп алды. Әңгіме барысында «философиялық ойларға» беріліп кеткен сияқты... Қазір бәрін айтып беремін.

Халықпен есепті кездесу өткізіп, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп, мәдениет пен спортты қалай дамытқанын айтамын деп келген, министр. Ал сұрақ-жауап кезінде, атақты жазушы Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығы туралы сөз қозғап, былай деген.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі: 

Шыңғыс Айтматов тек қана ұлы жазушы емес, ол пайғамбар тәрізді. Ол өзінің елі мен ұлтының қайда бара жатқанын болжай алды. Қазіргі Қырғызстанда болып жатқан кері жайттарды ол 40-50-ші жылдары сезініп, сипаттай алды. Яғни ессіз қадамдардан сақтандырып, ұлтына ескерткісі келді. Шынында да, жасыратыны жоқ, Мәскеуге, өзге қалаларға барғанда, қоғамдық дәретханаларды жас қыздардың, біздің көршілердің жуып жатқанын көресің. Бұл адами сезімдеріңе әсер етеді. Осындай жас кезінде қоғамдық дәретханаларды жинауға лайық болды ма дерсің? Әрине, елде жұмыс жоқ болғандықтан, көптеген қырғыздарға кетуге тура келді.

Қырғыз ағайындар әрине ренжіді, бұл сөзге. Қырғызстан билігі қарсылық нотасын жіберді. Ал Арыстанбек Мұхамедиұлының өзі кейін «ешкімді ренжіту ойымда болған жоқ, менің сөздерім теріс ұғылды»,- деп ақталды. Министр ағайдың сөзінен кейін, қара жұмыста жүрген қазақ қыздары да ойланып қалған.

Марал Арғын:  Баяғыда, студент кезімде сенбі, жексенбі күндері тойларда официант болатынмын... Сонда әр ұлттың тойы болатын. Қазақ, түрік, ұйғыр, күрд, т.б. Тойда жүрген түріктер, ұйғырлар маған және құрбыма қарап: "мына қазақтың қыздары официант болып жүр. Ибай-ай. Сонша бастарына не күн туды екен, жап-жас болып қиын жұмыс істеп" деп, бізге аянышпен қарады ма екен? Кешегі министр ағайдың сөзінен кейін ойланып жүрмін де.

Алдаберген Кемпірбаев:

Мына кісінің әпенділігі тұтас бір елдің Сыртқы істер министрлігінің наразылық білдіруіне әкеп соғыпты.

Өркен Жоямерген:  

Бұл кісіге ренжудің қажеті жоқ. Күлу керек))

РОЛД: Есесіне олар нанын адал тауып жеп жүр... Министрдің өзгенің еңбегін бағалауға құқы жоқ.

ГЕСТ: Оларда мұнай жоқ. Гастарбайтер болмағанда қайтеді. Бірақ гастарбайтер бола тұра, олар елдеріне доллар жібереді. Сол арқылы экономикасын көтеріп жатыр және олар жақсы өмір сүретін болады.

АПАЙ:

Бізде дәретхана жуатын жастар жоқ па екен, байлардың үйін жинайтын? Ондайлар жетеді, ауылдан келгендер балаларының колледждегі оқуын төлей алмайды. Министрдің базарларда арба тасыған жігіттерге, ақша табу үшін тәнін сатып жүрген қыздарымызға алаңдамайтыны қызық екен. Олар жақсы өмірден солай істеп жүр дей ме? Бірінші өз елімізде тәртіп орнатып алыңыз, сосын өзгелерге баға бересіз.

Біздің мәдениет министріміз осылай деп жатқанда, айыр қалпақты ағайынның талантын британдықтар мойындап, таң-тамаша болды. Денесін 180 градусқа емін-еркін бұратын буынсыз биші Атай Өмірзақов пен оның «Тұмар» тобы «Britain's Got Talent» шоуын аузына қаратты. 

Қойымыз қоралас жатқан қырғыз ағайындардың осындай таланттары бар. Біз де таңдай қақтық. Жұрт не депті?

АНОНИМ:

Суперрр!!! Эмоция шектен шығып барады! Қырғыз-қазақ бір туған!

АНОНИМ:

Міне нағыз талант! Ал біреулер оларды тек қана дәретхана жуады дейді.

АНОНИМ: Есіңде болсын, қазақ, қайда болсаң да, қиын жағдайда бірінші болып көмекке қырғыз бауырың келеді!

SAULE BOND:

Не деген балалар! Жарайсыңдар! Сендерді мақтан тұтамын!

АНОНИМ:

Қазақ пен қырғыздар ағайын! Бұл ұлттарды ұрыстырғысы келетіндер, сол ұлттарға жатпайды!

Студияда жүргізуші: Қырғыз бауырларымызға жеңіс тілейміз. Ал сіз пікір білдіруден шаршамаңыз! «Өзге пікірге» сіздің пікіріңіз керек!