$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақтөбеде бастауыш партия ұйымдарының форумы басталды

AstanaTV
13.09.2018ж. 20:00
2524
Ақтөбеде  бастауыш партия ұйымдарының форумы басталды

"Нұр Отан" партиясы қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған тұжырымдама жобасы бүгін Ақтөбеде таныстырылды. Өңірде бастауыш партия ұйымдарының алғашқы форумы басталды. Партия ұйымдарының төрағалары, ірі кәсіпорындар басшылары және батыстағы төрт облыстың аумақтық филиал төрағаларының бірінші орынбасарлары келген шара екі күнге жалғаспақ. Қатысушылардың ұсыныс-тілектері сарапталып, жыл соңында Астанада өтетін Республикалық бастауыш партия ұйымдарының  форумында жарияланбақ.

Форумда бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыруға арналған тұжырымдаманың жобасы әзірленді. Құжат 4 секцияда жіті талқыланды. Жоба ұйымдардың қызметін жандандырумен қатар, партия мүшелерінің деректер базасын өзектендіруге бағыталған. Бұл туралы ағымдағы жылдың маусым айында өткен партияның Саяси кеңес отырысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған болатын.

Тамара Дүйсенова, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

Елбасының жаңа инициативалары, елімізде атқарылып отырған мемлекеттік бағдарламалар осының барлығын іске асыру, азаматтарға жеткізу сонымен бірге бағдарламаларды орындау біздің партияның негізгі жұмысы.

Алқалы жиын барысында жер-жердегі Бастауыш партия ұйымдарының жұмысы баяндалды. Батыс Қазақстан облысы цифландыруды басты бағыт етіп алғандарын жеткізсе, ал Атыраудың бастауыш партия ұйымдары IT орталықтарындағы жемісті жұмыстарымен бөлісті.

Баянсұлу Тыныбаева, Х.Досмұхамбетов атындағы АМУ «Бірлік» БПҰ төрағасының орынбасары:

Университет жанынан Атырау облысы «Нұр Отан» партиясы филиалы бастамасымен  IT  мамандарын дайындау  IT орталығы ашылды. Міне осы орталықты 133  астам адам бітіріп, аудан, ауылдарда өз жұмыстарын бастап кетті. Біз бұл жұмыстарды әрі қарай да жалғастырып,  Елбасының саясатын жүзеге асыратын боламыз.

Тұжырымдамада партия мүшелерінің біріңғай базасын құрып, құжат айналымын қысқартуда көзделген. Сондай-ақ партия қызметінің әлеуметтік желідегі маңыздылығы туралы сөз қозғалды. Одан бөлек "Рухани жаңғыру" шеңберіндегі партиялық жобаларды іске асыру жолдары айтылды. Форум ертең де өз жалғасын табады.

Бақыт Рахметова