Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Ақтөбеде жарылыстан зардап шеккен екі адам қайтыс болды

AstanaTV
17.09.2018ж. 20:00
2141
Ақтөбеде жарылыстан зардап шеккен екі адам қайтыс болды

Ақтөбедегі жанармай көлігінің жарылысынан зардап шеккен екі адам қаза тапты. Астанадан санавиациямен мамандар шақыртылғанымен, оларды ажалдан арашалау мүмкін болмаған. Ақтөбелік тілшіміз Бақыт Рахметова студиямен байланыста. Бахыт, екі науқас та бүгін қайтыс болды ма? Дәрігерлер не дейді?

Бақыт Рахметова, тілші:

Ия, Ләйлә, зардап шеккен екі оператор да жедел жәрдем ауруханасында қаза тапты. Бірақ 38 жасар Серікбай Палванов сенбі күні дүниеден озған. Ал 55 жасар Зибагүл Түменбаева бүгін таң ата жансақтау бөлімінде ажал құшқан. Оның денесінің 85 пайызын күйік шалған. Ал ер адамның алпыс пайыз терісі мен тыныс жолдары күйген. Оларды ажалдан арашалау үшін Астанадан санавиациямен арнайы мамандар алдырылған. Дәрігерлер қолдан келгеннің барлығын жасадық деп отыр.

Сәкен Қапанов, облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері:

Бірақ жасалған ем көмектескен жоқ. Өйткені оларда тек терісі ғана емес. Демалыс жүйелері де күйік шалған. Сондықтан екеуі де ауыр жағдайда қайтыс болды.

Серікбай Палванов "Sinooil" компаниясында он жылдан аса оператор болып қызмет еткен. Туыстары ауруханада тілге келіп жатқан жақынынан айырылып қаламыз деп ойламаған. Қазір қара жамылған отбасында марқұмның бес баласы мен қарт шешесі қалған. 

Көмекбай Палванов, Серікбай Палвановтың ағасы:

Балалары білмейді. Үлкені біледі. Үлкен қызы 9 класс, баласы алтыншы сыныпта, сосын үшінші сыныпта, сосын нулевойда оқиды. Ал ең кішкентайы екі жасқа келіп қалған. Сұрайды. Продукты әкелетін еді ғой, мына жерде дүкені бар. Папалап, сол жаққа қарайды.

Еске сала кетейін, оқыс оқиға 10 қыркүйекте "Sinooil" компаниясының жанармай құю базасында болды. АИ-92 жанармайын бензовозға кұю кезінде жарылыс болып, үш адам зардап шекті. Аман қалған көлік жүргізушісі ауруханада ем алып жатыр

Бақыт Рахметова, тілші:

Қазір екі марқұмның денесі сот медициналық сараптамасына жіберілді. Ал жұмыс беруші "Sinooil" компаниясының өкілдері сұқбат беруге құлық танытпай отыр. Серікбай Палмановтың туыстары әзірге компанияны сотқа бермейтіндерін айтты. Олар еңбек инспекциясы жүргізген тексеру қорытындысын күтпек.