Батыс
Қазақстан облысында киіктердің саны 135 мыңға жетті. Бұл туралы өңірдегі Орман
шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясынан хабарлайды. Былтырғы
санақ кезінде бөкендер 98 мыңнан асқан еді. Ал, биыл облыста киік ең көп
таралғаны анықталыпты.
Ақбөкендер көбейгенімен, браконьерлер азаймай отыр. Әрі
олардың ісінің сотқа жетуі де екіталай көрінеді. Биыл қозғалған 33 қылмыстық
істің тек 18-і ғана сотқа жетіп, 25 адам істі болған. Осыған орай киікті қорғау
шаралары күшейтіліпті. 50 адамнан тұратын арнайы топ жасақталған. Киіктерге
олардың қозғалысын бақылау үшін 25 электронды қарғыбау тағылған.
Райымбек Шампаев, БҚО орман және аң шаруашылығы инспекциясының бас маманы
Соңғы сегіз айдың мәліметін алып қарасақ, киік жануарын заңсыз аулау және дериваттарын тасымалдау фактісі бойынша 33 қылмыстық іс ашылып, мемлекетке келген залал 288 600 000 теңгені құрап отыр. Мұнымен жұмыс тоқтап қалмайды. Әрі қарай киікті қорғау жұмыстары жүргізіліп, жалғасын табуда.