Түркияда қалып қойған жерлестеріміз 10
шілдеге дейін елге жеткізіледі. Атышулы «Гүлнәр тур» туроператорының
клиенттеріне түріктің Atlas Jet әуе компаниясы қызмет көрсетпек. Бұл туралы Көлік
және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады «Қазақстан
жаңалықтары».
Айта кетейік, вице-премьер Әсет
Исекешевтің төрағалығымен өткен кеңесте жат елде қалған туристерге отандық әуе
компаниясының ұшағын жіберу туралы шешім қабылданған. Осының арқасында күні
кеше туристердің алғашқы легі аман-есен оралды. SCAT әуе компаниясы бұл рейсті
алдын ала төлемсіз, «Гүлнәр турдан» жазбаша кепілдеме алу негізінде орындады.
Бірнеше күн бұрын туроператор мен әуе тасымалдаушы компания
арасында түсініспеушілік орын алғаны жайлы хабарлағанбыз. Салдарынан
қазақстандық 303 турист Түркияда қалып қойды. Ал, Азаматтық авиация комитетінің
мәліметінше, «Гүлнәр тур»-дың Jet Airlines әуе компаниясының ұшағын пайдалануға
рұқсаты тек 30 маусымға дейін ғана болған.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА