Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Жамбыл облысында 3 жасар балаға қиянат жасалды

AstanaTV
21.05.2015ж. 20:00
1636
Жамбыл облысында 3 жасар балаға қиянат жасалды

Жамбыл облысында жұрттың жағасын ұстатқан сұмдық оқиға орын алды.  Меркі ауданы, Ақермен ауылында асқан айуандықпен өлтірілген үш жарым жасар баланың мәйіті табылды. Балғынның ата-анасы көршісінен күдіктенеді. Жалғыз перзентінен айрылған отбасы педофил көршінің жазасыз қалмағанын қалайды. Данияр Әлімқұлдың бейнематериалы.

Жаснұрдың қазасынан Әлімқұловтар әулеті әлі күнге ес жия алар емес. Айтуларынша, 16 мамырда тапа-тал түсте есік алдында ойнап жүрген балақайды туыстары таппай қалған. Ізім-қайым жоғалған бүлдіршінді іздеуге ауыл тұрғындары тегіс жұмылады. Алайда, ертеңінде таңғы сағат жетіде Жаснұрдың мәйітін көршінің әйелі көтеріп келгенде, естен тана жаздапты.

Наурызбай Әлімқұлов, Жаснұрдың әкесі:

Екі құйрықтан ұрып тастаған. Өздеріңіз түсініп отырсыздар ғой. Баланы қинаған ғой әбден. Кеңірдегін үзіп тастаған. Бас істемейді. Зорлап тастаған баланы. Холодильниктің ішінен 11 тал шашы шығыпты баланың және аяғының ізі бүйтіп есігі бар ғой, сонда екі із қалыпты.

Жаснұрдың әкесінің айтуынша, балақайдың мәйітін әкелген әйел «қайдан таптың» деген сауалға әртүрлі жауап қайтарған. Қайғыдан қан жұтқан әке, «бір белгілісі - сәбидің денесі көршімнің ауласындағы тоңазытқыштан табылды» дейді. Сондықтан отбасы көрші әйелдің күйеуін кінәлауда. Өйткені 55 жастағы ер адам ақыл-есінің дұрыс еместігімен ауылға аты шыққан деседі.

Динара Құлыбаева, Жаснұрдың әжесі: 

Холодильниктен алып келдім дейді. Кім қойып кетуі мүмкін. Анық табылып отыр. Енді жазасын мойындамай отыр. «Қайтейін, қайтейін байым кінәлі» деп. «Я болмаса мені ұрып өлтіретін адам жоқ»  дейді,  басқа айтпайды. Сөзінен жалтарып, бір сөзінде бес түрлі сөз айтып отыр. Ол сыбайластыққа әйелдің өзі қатысты.

Жантүршігерлік жағдайды естіген ауыл халқы қазір түңіліп отыр. Олар осы оқиғадан кейін балаларын далаға шығаруға қорқады.

Рабиға Әбдірахманова:

Бала тұрмақ, өзімізде қорқып отырмыз. Далаға шығып, бірдеңе алып келгенге қорқамыз. Түн ішінде шыға алмаймыз. Мына жағдайдан кейін баланы көзбен көріп отырмыз ғой. Жазасыз қалмай, бұл жерден көшірсін, айналайын. Тұқым-тұяғымен бұл жерден көргіміз келмейді.

Істің ақ-қарасын ажыратуға кіріскен тәртіп сақшылары күдіктіні уақытша қамау абақтысына жапқан. Ал, баланың мәйітіне сот-сараптамасы жасалды. 

Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

Қазіргі таңда ҚР ҚК 99 бабы, 2 бөлімімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілген. Бұл күдікті Қырғызстан Республикасында бұрын ұрлық дерегі бойынша сотты болған. Қазіргі уақытта күдікті және оның жұбайы  уақытша қамау изоляторында ұсталып отыр.

Данияр Әлімқұл, тілші:

ІІД баспасөз хатшысы күдіктінің жүйке аурулар диспансерінде тіркеуде тұрған-тұрмағаны әзірге анықталмағанын айтады. Ал, жалғыз баласынан айырылған жанұя бұл жағдайды басқаның басына бермесін деп тілейді. Сондықтан кінәлі деп күдіктенген көршісін жазасыз қалуынан қорқады. Қылмысқа қатысы бар азаматтың кінәсі дәлелденсе, ол 15 жылдан 20 жыл аралығында немесе өмір бақи бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ