$447.9 €482.16 ₽5.54
×

«Өзге пікір»

AstanaTV
26.12.2015ж. 20:30
1750
«Өзге пікір»


¤

Ассалаумағалейкум! Мына жаңалықты естісе, «қазіргі заманда ақшаға бәрін сатып алуға болады» деген пікірді мығым ұстанатындар бір «серпіліп» қалатын шығар. Ақтөбеде ақша төлесең жоқтау айтып, бата беретін қызмет шығыпты. Олар тіпті сізге тамақ дайындап береді, ал сіз оны «үйдегі келінім пісірді» деп қонақтарыңызға тартасыз. Орашолақ келіндер үшін таптырмас қызмет. Ақтөбе өңірінің тұрғыны 42 жастағы Зүлфияш Торғынова өзін кәсіби жоқтаушы ретінде таныстырады. Сөзін қараңыз.

Зүлфияш Торғынова,  кәсіби жоқтаушы:

«Қазіргі қазақтар марқұмды қалай жоқтайды дейсіз? Ешқалай. Әрі кетсе 3-4 әйел жиналады да «Бісміллә, деп бастайын, асылық сөзді қоспайын-ау» деген жаттанды сөздерді қайталап, өкіреді. Шайналған кассета сияқты осы сөздерді қайталаумен болады. Менің жұмысымның бір ғана қиындығы бар — екі күн бойы бетім ісіп, тамағым қарылып қалады».

Студия: Ал Қайыржан Болысбаев есімді тұрғын ақша төлесең болды, батаның түр-түрінен жібереді екен. Және берген батасы «періштелер құлағына шалынып», үнемі орындалып жатады-мыс. 20 жастағы Еркебұлан Шалбаев есімді жігіт болса, үйдегі келіндерден де пысық. Тапсырыспен тамақ әзірлеп, қалталыларға дастарқан жайып, нанын тауып жүр.

Еркебұлан Шалбаев, дастархан жаюшы: 

«Қазір бізді үйге шақыртып жатады. Біздің аспаз келіннің орнына тамақ әзірлейді, біз дастарқан жайып қоямыз. Ал келін қонақтар келгенде бәрін өзі әзірлегендей шай құйып, мақтаулар алып отырады».

Студия. Рахат! Не дейін, «заманауи» келіндер. Жұрт пікірі қандай.

аноним:

Масқара ғой бұл барып тұрған. Аруақтар риза бола ма екен, біреудің жоқтау айтқанына? Қазағым, қайда кетіп бара жатырмыз? Қу ақша не істетпейді?

аноним:

Қазір шынында да бата беретін адам таппайсың. Қариялар кетіп жатыр, орта буын, 50-ден асса да, бата бере алмайды. Сондықтан мұндай қызметті ақылы жасаса, неге жүгінбеске? Ал бата берген адамға үнемі сыйлық сыйлайды ғой. Қазір ақшалай сыйақы береді, онда тұрған ештеңе жоқ.

аноним:

Жалданып жоқтау айту негізінде Оңтүстік Қазақстан жағында бұрыннан бар, Қызылорда, Шымкент, Түркістан жақтарда.

Ақтөбелік:

Қонақ күтуге көмектесіп, тамақ әзірлеуге адам шақырып әзірлеткенде тұрған ештеңе жоқ. Келіндердің қолы тимейді. Акшасы жетіп жатса, жарайсыңдар!

Студия: Тағы да Ақтөбе жайлы. Өңір тұрғындарының қалтасы жұқа емес шығар деген ойға қалып ек - ақшаға бата, жоқтау, тамақ пісірту... Ал «Ақтөбе» клубының футболшылары шылқыған бай екен. Олар жалақыларын  анау-мынау емес, ай сайын 57-67 мың еуро, доллармен шытырлатып санап алады екен. Не деген батпан құйрық. Әкім Бердібек Сапарбаевтың өзі ашуланып, жағасын ұстады. Легионер Андерсон Сантанаға 61 мың доллар. Маркос Пизеллиге 75 мың доллар. Данило Сириноға – 57 мың еуро. Данило Неккоға 67 мың ЕУРО төленген ай сайын. Бюджеттің бүйірін сорып отырған команда легионерлерінің жағдайы жаман емес, бір сөзбен айтқанда.  

¤

Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:

¤

Оларға мұндай үлкен жалақы не үшін төленеді? Мына Данило 2 ақ гол соққан. Екіншісі болса 6 гол соққан. Тағы біреуі 5 гол. Мұндай жалақымен олар кем дегенде әрбір екінші ойында гол соғып тұруы керек.  

west:

Жалақыларын жарияламай-ақ қойса болар еді. Сөзім жоқ. Бізде, Кірпішті ауылында су жоқ. Жол деген ешқашан болған емес. Ондай аудандар қаншама? Жол мен суды жыл сайын сұраймыз. Бізге бюджетте ақша жоқ дейді. Егер сол ақшаны футболшыларға төлемесе, қанша ауыл жөнделер еді.

dalg 781:

Данило Неко – 67 мың евро = сонда 24 795 360 тг.

Маркос Пиззелли – 75 мың доллар = бұл  27 756 000 тг.

хрюндель: 

Олар біздің өңірдің салық төлеушілерінің қаржысына өмір сүреді. Біздің ақшаны бізден сұрап та жатқан жоқ. Ал біреулер шынымен де қиналып жүр ғой.

toki tok: 

Айына 25 миллион теңге?!!! Мен мүлдем басқа нәрсемен айналысып жүр екем... мүлдем басқа нәрсемен...

¤

Мен де мүлдем басқа нәрсемен айналысып жүрген сияқтымын»... Фантастикалық жалақыларды естігенде, мен неге футболшы болмаған екенмін деп ойлап отырған шығарсыз. Айтарым осы! Ал сіз пікір жазыңыз. Өзге пікірге сіздің пікіріңіз керек!