Құрлықтық хоккей лигасында
сынға түсіп жатқан «Барыс» командасы өз алаңында үздік шықты. «Северсталь» клубын қабылдаған Андрей
Назаровтың шәкірттері 4-3 есебімен басым түсті.
Кездесуді ширақ бастаған айдын
иелері бірінші кезеңде қонақтар қақпасына жауапсыз екі шайба соқты. Алдымен,
Максим Семенов командасын алға шығарса, Брэндон Боченски есепті еселеді. Екінші
кезең де «Барыстың» басымдығымен өтті. Кезекті шабуылдың бірінде Константин
Пушкарев есепті ұлғайтты. Үш шайба айырмашылығымен алда тұрған Назаровтың шәкірттері жеңіске сеніп, ойын
тізгінін қарсыласқа беріп қойды. Мүмкіндікті ұрымтал пайдаланған ресейлік клуб
үшінші кезеңде таразы басын теңестірді. Абырой болғанда команда капитаны Брэдон
Боченски овертаймда қонақтар қақпасына төртінші шайбаны соғып, командасына
жеңіс сыйлады. Келесі кездесуін елордалық ұжым Мәскеудің «ЦСКА» клубына қарсы
өткізеді.
Роман Савченко, «Барыс»
клубының қорғаушысы:
Негізгі уақытта жеңіске жете
алмағанымыз өкінішті. 3-0 есебінен кейін жеңіске ерте сендік. Қарсылас
қателікті кешірмейді. Бізге енді әр
кездесуде ұпай алу керек болады. Сондықтан алдағы ойын да тартысты өтеді.
Самат ҚАНАҒАТОВ