Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қазақстан «Қарашығанақты» сотқа берген жоқ - Қ. Бозымбаев

AstanaTV
06.06.2016ж. 20:00
1249
Қазақстан «Қарашығанақты» сотқа берген жоқ - Қ. Бозымбаев

Қазақстан «Қарашығанақты» сотқа берген жоқ. Шетелдік БАҚ-та тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев осылай деп мәлімдеді. Bloomberg агенттігі өткен жылы "Қарашығанақ Петролиум Оперейтингке" келісімшарттағы міндеттерді орындамағаны үшін, Үкімет 2 млрд доллар айыппұл салуы мүмкін, деп жазған. Өтемі ретінде Қазақстанның жобадағы үлесін көбейтіп алуға мүмкіндігі бар деген. Сол кезде бұрынғы энергетика министрі Владимир Школьник мұны теріске шығарған еді. Ал жуырда «Financial Times» концорциумның түйткілді шешу үшін Қазақстан Үкіметіне 300 млн доллар ұсынғанын жазды. Бозымбаевтың айтуынша, соттасуға ешкім де құлықты емес. 

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Қазақстан сотқа бергелі жатыр, тағысын тағы дейді. Ол шындыққа жанаспайды. Қазақстан Қарашығанақ  жобасының акционерлерімен келіссөз жүргізіп жатыр. Оны саспай жалғастыра береміз. Қорытындысы кейін қоғамға жария етіледі.

Сондай ақ Бозымбаев «Өзенмұнайгазға» пайдалы қазбаларды өндіру салығының азайғанын мәлімдеді. Аталған компания Үкіметке жыл басында өтініш білдірген еді. "Өзенмұнайгаз» үшін шығынға бату шегі - барреліне 54 доллар. Шикізат одан арзанға сатылса, өндіріс өзін өзі ақтамайды. «Өзеннің» жалғыз акционері - «Қазмұнайгаз». Компания өткен жылы 5,5 млн тонна шикізат өндірген. Оның 40 пайызы ішкі нарыққа  қалғаны сыртқа сатылған. Ал бүгін Брент маркалы мұнай баррелі 50 долларға саудаланып жатыр.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Биыл осы салықтың сомасы төмендейтін болады. Жеңілдіктер 17 миллиардтың көлемінде. Сол «Өзенмұнайгазға» қана. 

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ