Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Таразда 1932 жылы шыққан «Фиат» көлігі құрастырылды

AstanaTV
22.04.2016ж. 20:00
2668
Таразда 1932 жылы шыққан «Фиат» көлігі құрастырылды

Тараздық тұрғын Марат Есхожаев 1932-ші жылы шыққан «Фиат» көлігін құрастырып шығарды. Ретро машиналар топтамасына жататын италиялық темір тұлпар Қазақстанда жалғыз! Сондай-ақ, өнерпаз арбамен адам таситын робот жасап шығарды. Ал, тағы бір тараздық Сергей Рюмин ең кішкентай трактор ойлап тапқан. Бір қызығы - оны түрлі техника қалдықтарынан құрастырыпты. Қарапайым қала тұрғындарының жетістіктерін Данияр Әлімқұл тамашалап қайтты. 

Мына трактордың жүрісі жеңіл, жылдамдығы жағынан да жеңіл көліктерден еш қалыспайды. Сергей мұны құрастырып шығару үшін 4 жылдан аса тер төккен. Түріне қарамастан, 9 тонна жүк көлігін оңай тартып барады.

Сергей Рюмин, Тараз қаласының тұрғыны:

Минитрактор қашанда пысық келеді. Шағын шаруашылыққа арналған. Мәселен, кәнігі трактор кіре алмайтын 9-10 соттық жерлерді жырту үшін таптырмайтын техника. Мұндай мақсатта жапондар ғана трактор шығарады. Бізде жоқ. Сондықтан құрастыру үшін қоқыстарды қарап, түрлі темір-терсекті жидым. Запорожец машинасының моторын салдым.

Трактордың түтін шығаратын жүйесі өрт сөндіру құрылғыларынан, ал сыртқы жабындысы тоңазытқыш жабдықтарынан жасалыпты. Ал, мынау екінші дүниежүзілік соғыстың алдында шыққан италиялық «Фиат». Оны 37 жастағы Марат Есхожаев құрастырған. Алғашқыдағы қаңқасы осы. Ескі көлікті ерінбестен бес жыл бойы жинаған.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Көне заманның көлігі көптің назарын бірден өзіне аударады. Бүгінде бұл «Фиат Воллила» 84 жаста. Өзі ретро нұсқа ретінде құнды. Жағдайы жақсы адамдардың өзінің қолы жете бермейді. Бірақ, оны қарапайым қазақ баласы өз қызығушылығымен құрастырып отыр. Тарихи тұлпарды біз де тақымдап көрейік.

Марат Есхожаев, Тараз қаласының тұрғыны:

Біз бірінші мәрте оталдырған кезде, көз алдымызға жас келіп, жылап жібере жаздадық. Қазақстан бойынша жалғыз «Ретро машина» ретінде есептеледі. Санкт-Петербургте ғана біреу бар. Ал, енді қазір көшеде жүрсең, адамдардың қызықтап, күлкілері келеді, ескі заманға түсіп, ілгері заманға түсіп кеткендей болады.

«Фиат» маркасы Қазақстанда жалғыз көлік екенін сала мамандары да растап отыр.

Борис Никулин, Алматы қаласы ретро көлік клубының техникалық директоры:

Ретро көліктермен 30 жыл бойы айналысып келемін. «Фиат» бойынша тек осы машинаны ғана білемін. Басқасы мүлдем жоқ. Мұны құрастырып шығару үшін жүрек пен төзім қажет.

Ал, бұл Марат Есхожаевтың балаларға арнап жасаған аю-роботы. Арбасы арқылы адам тасу қабілетіне ие. Аттракцион алаңдарында қолданса болады дейді. Қысқасы, осындай қарапайым адамдар ойлап тапқан дүниелер қоғамның қажетіне жараса құба-құп.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ