Қазақ
хандығының 550 жылдық мерейтойына орай 550 шақырымды 10 күнде жүріп өтуге бел
буған марафоншылар Астанаға келді. Олар
4 күннің ішінде 250 шақырымды артта қалдырған.
Өткен демалыс күндері Балғабай
Құлпейісов пен Қалибек Әбілов 550 шақырымды бағындыруға жолға шыққаны туралы
жаңалықтарымызда хабарлаған едік. Ерекше шара Көкшетаудағы Абылай хан
алаңынан басталған. Қос марафоншы Ақмола облысы, Астана қаласы және Қарағанды
өңірі арқылы ұзақ жолды жүріп өтпек. Олар өз
сапарын Ұлытау жерінде аяқтауды
жоспарлапты.
Алпысты алқымдаған танымал
марафоншылардың ұзақ қашықтықта жүгіруге тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр.
Бұл бастаманың мақсаты - тарихқа тағзым ету, әрі бұқаралық спортты насихаттау.
Айта кетейік, көкшетаулық қос
спортшының бастамасы «Нұр Отан» партиясынан қолдау тапты. Екі спортшы
ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, межелі жерге 10 күннің ішінде жететініне
сенімді.
Балғабай Құлпейісов, марафоншы:
Жол азабы - көр азабы, дейді.
Ауа райы бірде ыстық, бірде суық. Бірде жаңбыр
құйып. Алды - артымыздан машиналар суды шашып
өтіп жатыр. Бірақ біз туды қолымыздан түсірмей ұстап келдік.
Берік ХАСЕНОВ