Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Мемлекеттік кірістер комитетіне экономикалық құқық бұзушылықтарға қатысты 730-дан аса хабарлама түскен

AstanaTV
06.08.2015ж. 20:00
1143
Мемлекеттік кірістер комитетіне экономикалық құқық бұзушылықтарға қатысты 730-дан аса хабарлама түскен

Мемлекеттік кірістер комитетіне бір ай ішінде экономикалық құқық бұзушылықтарға қатысты 730-дан аса хабарлама  түскен.  Бұл ведомствоның Whatsapp желісі арқылы ашқан сенім нөміріне келген хабарламалар.

Комитеттің ресми өкілі Жамбыл Сұрағановтың айтуынша, хабарламалардың басым бөлігі фискалды чектерге қатысты. Сондай-ақ арасында ведомствоның құзыретіне кірмейтін және ақпараты толық емес құпия хабарламалар да бар. Комитет өкілінің айтуынша, келіп түскен мәліметтердің тек 117-сі ғана мақсатты болып табылған. 

Жамбыл Сұрағанов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:

Whatsapp қосымшасының ресми аккаунты іске қосылған болатын. Аккаунт Қазақстан Республикасы азаматтарынан қаржы саласындағы бұзушылықтар туралы ақпараттар, суреттер мен видеолар жинау үшін арналған. Бүгінгі күні барлығы 117 азаматтан мақсатты хабарламалар келіп түсті. Барлық хабарламалар тәуекелдік басқару жүйесіне түседі және осы жүйенің көрсеткен нәтижесі бойынша іс-әрекет жасалады.

Сондай-ақ, Мемлекеттік кірістер комитеті алкогольдік өнімдердің акциздік маркаларын тексеретін жаңа мобильдік қосымша енгізген. Ол IOS және Android платформасында жұмыс істейтін кез-келген ұялы телефонға жүктеліп, өнімнің заңды түрде тіркелгенін тексеруге мүмкіндік береді. Комитет өкілдерінің айтуынша, бұл қосымша ішкі нарықтан жасанды өнімдерді ығыстырып, ресми тіркелген өнімдерден түсетін мемлекеттік салық түсімін реттеуге ықпалын тигізеді.

Жамбыл Сұрағанов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:

30 шілдеде қолданысқа енгізілді. Әрбір мобильдік қондырғыда қолданылады. Бұл қосымшаны IOS, Android және Windows phone арқылы қолдануға болады. Әрбір қазақстандық азамат оны өз телефонына қондырып, дүкендерде өнімді тексере алады.

Жұрағат БАМАН