Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ кенішін игеруші компанияға айыппұл салынды

AstanaTV
21.08.2015ж. 20:00
867
Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ кенішін игеруші компанияға айыппұл салынды

Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ кенішін игеруші Қарашығанақ Петролиум компаниясына айыппұл салынды. Бұл туралы облыстық табиғат қорғау прокуратурасының өкілдері мәлімдеді.

Аталмыш компания ауаға зиянды қалдықтарды рұқсатсыз шығарғаны үшін жазаға тартылып отыр. Құзырлы органның дерегінше, өткен жылдың өзінде атмосфераға тасталған лас қалдықтардың салмағы 600 тоннадан асқан көрінеді. Шетелдік компания кеніш басындағы технологиялық қондырғылардан ақау шыққанын алға тартып, ақталғысы келген. Әйтсе де, жазадан құтылмады. Енді олар 2,2 миллиард теңге айыппұл төлемек. Сонымен қатар, табиғатқа келген шығын көлемі 7,3 млрд теңгеге бағаланып, жауапты кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болды.

Дәурен Тәжіғалиев, БҚО табиғат қорғау прокурорының аға көмекшісі:

Кеніш басында газды рұқсатсыз жағу дерегі бойынша ҚПО компаниясына ҚР Әкімшілік кодексінің 243-бабы бойынша 2,2 млрд теңге айыппұл салынды. Осылайша, табиғатқа келтірілген 7,3 миллиард теңге көлеміндегі шығын мемлекет пайдасына толығымен өтелді.

Еркін КАРИН