$505.15 €550.31 ₽5.89
×

«Қолжетімді баспана» бағдарламасымен салынған сапасыз үйлердің түйткілді мәселелері қазан айына дейін шешілмек

AstanaTV
27.08.2015ж. 20:00
1876
«Қолжетімді баспана» бағдарламасымен салынған сапасыз үйлердің түйткілді мәселелері қазан айына дейін шешілмек

«Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасымен салынған Алматыдағы «Нұркент» шағын ауданындағы үйлердің сапасы сын көтермейді. Мұндағы тұрғындардың хал-ахуалын білуге келген қала әкімі осыған көз жеткізді. Ал үйлерді салушы «Жер Олжа» серіктестігінің басшысы Усейн Хасанов күрмеулі мәселелер қазан айына дейін шешімін табады деп уәде берді.

Айта кетейік, «Нұркент» шағын ауданының тұрғындары үйлердің сапасыз екенін айтып, шу көтерген болатын. Талай жылдан бері зарыға күткен баспаналарында электр желісі жүргізілмегенін ашына жеткізді. Тіпті көптеген пәтерлердің қабырғасы қақырап, арзанқол кәріз құбырларынан су атқылаған жағдайлар да кездесіпті. Мұндай олқылықтарға шыдамаған жұрт іске қала басшысының араласуын өтінген
.

Усейн Хасанов, «Жер олжа» құрылыс компаниясының басшысы:

Тұрғындардың шағымы бойынша жұмысшыларымыз іске кірісті. Аздап үлгермей жатқан жағдайымыз бар. Өйткені пәтерлер өте көп. Бүгінгі күні үйлердің кіреберісі толық жөнделді. Кәріз құбырларының ақауы қалпына келтірілуде. Біз өз компаниямыздың қаражатынан осындағы балаларға стадион салуды қолға алдық.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

Стадион салуды қолға алғандарыңызды құптаймын. Бұл  тұрғындарға келтірілген залалдың өтемі болмақ.  Құрылыс компаниясы атқарып отырған жұмыстарын 1 қазанға дейін тиянақты аяқтауы тиіс. Мұны қадағалауды құрылыс басқармасына тапсырамын.

Мемлекеттік бағдарламамен қолға алынған 18 тұрғын үйдің құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталған. 15 үйдің құрылысы берілуі тиіс уақытынан кешеуілдеп тұр. Мұнда қордаланған мәселе жетіп артылады. Қыркүйек айында тұрғындарға 170 пәтерлі тағы 3 үйдің кілті тапсырылады. Қазір кем-кетікті жамау үшін, құрылыс компаниясы пәтер иелері кооперативімен бірігіп, арнайы штаб құрды.

Айгүл ЕРМАХАН