Қызылшаға қарсы иммундау қайта басталатын болды. 1 қазаннан бастап үнділік
вакцина қайта қолданысқа енеді. Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті төрағасының
орынбасары Жандарбек Бекшин аталған екпе тиісті сараптамадан өткенін айтады.
Яғни қауіпсіз деп танылған.
Еске салсақ, қызылшаға қарсы иммундау тоқтатылған еді. Бұған елімізде
тіркелген бірқатар келеңсіз жайттар себеп болған. Жыл басында қызылшаға қарсы
екпеден соң Теміртауда колледждің 18 оқушысы төсек тартып қалды. Жаңаөзенде 30
шақты жасөспірім ауруханадан бір-ақ шыққан. Тіпті бір жеткіншек көз жұмды. «Бұл
қайғылы оқиғаға екпенің қатысы жоқ», - дейді Жандарбек Бекшин. Айтуынша, жергілікті дәрігерлердің дұрыс диагноз қоймауы себеп болған. Республикалық
иммундау маусымы аясында 15 пен 19 жас аралығындағы тұрғындар жаппай егілмек.
Жандарбек Бекшин, ҚР ҰЭМ тұтынушылар құқығын қорғау комитеті төрағасының
орынбасары:
Қазіргі таңда пайдаланатын вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен
сертификатталған. Оған қосымша біздің ұлттық дәрілерді қарайтын, сараптама
жасайтын орталығымыздың қарауынан өтті. Сапасы барлық қойылған нормативтерге
сай.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА