$521.53 €601.01 ₽6.43
×

Астаналық полицейлер ірі көлемде есірткі тәркілеп, қарақшылықпен айналысқан қылмыстық топты әшкереледі

AstanaTV
16.06.2016ж. 20:00
1478
Астаналық полицейлер ірі көлемде есірткі тәркілеп, қарақшылықпен айналысқан қылмыстық топты әшкереледі

Астаналық полицейлер 3 келі героин тәркіледі. Елордада ескірткі бизнесін өркендетпек болған 50 жастағы адам ұсталды. Ол Есіл қаласының тұрғыны болып шықты. Үйін тінту кезінде есірткіден бөлек, тіркелмеген 4 қару-жарақ пен оқ-дәрі табылды. Ол героинді сату желісін де жүйелеп үлгерген. Бұл оқиғаға қатысты деген сезікпен тағы екі адам ұсталды. Тінту кезінде олардан 120 грамм таза героин тәркіленді. Ұсталғандардың үшеуі де бұрын сотталғаны белгілі болды.

Сергей Ильиных, Астана қалалық есірткіге қарсы күрес басқармасы бөлімінің жетекшісі:

Арнайы операция барысында айналымнан 10 мың доза заңсыз есірткі алынды. Оның орташа құны 45 млн теңгені құрайды. Құрықталған үш азамат қазір уақытша қамау изоляторына тоғытылды. Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Баптың санкциясы 15 жылдан өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын қарастырған.

Ал, маусымның 15-сінде полицейлер қарақшылық шабуыл жасаған қылмыстық топты әшкереледі. Тергеу материалына сәйкес, үш адамнан құралған бұл топ астаналық тұрғынның үйіне басып кірген. Бетперде киген олар баспанада болған адамдарды тапаншамен үркітіп, үйден 38 мың АҚШ доллары сақталған шойын сейф пен құны 300 мың АҚШ доллары тұратын алтын бұйымдарды қолды қылған. Сондай-ақ, ауладағы Ленд Ровер маркалы көлігін айдап кетеді. Шұғыл-іздестіру барысында күдіктілер ізін суытпай ұсталды. Қазір оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Софья Қылышбекова, Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі: 

Көп ұзамай үш азамат ұсталды. Олар, белгілі болғандай, Жамбыл облысынан келген. Оларды ұстау кезінде ұрланған заттар тәркіленіп, қазіргі кезде ҚР Қылмыстық Кодексінің «Қарақшылық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ