Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Маңғыстаудың Басқұдық ауылында оқушылар мен ата-аналар мектепке кіре алмай дал болды

AstanaTV
03.09.2015ж. 10:00
1106
Маңғыстаудың Басқұдық ауылында оқушылар мен ата-аналар мектепке кіре алмай дал болды

Оқу жылының алғашқы күні Басқұдық ауылында мерекеге емес, дауға айналды. Балаларын мектепке жетектеген мыңдаған ата-ана мен 380-ге жуық бірінші сынып оқушылары мерекелік жиын алдында кенеттен жауған жаңбыр астында қалып, білім ордасына кіре алмады.

Қызығы, жаңбыр құйған кезде мектеп ғимаратына ең алдымен оқу орнының директоры, ауыл әкімі мен аудан өкілі кіріп кетіп, есікті іштен құлыптап алған. Ал сыртта шылқа су болған ата-аналар бекітілген есікті сындырып кіруге мәжбүр болған.

Жанар Ержанова, ата-ана:

Жаңбыр жауған кезде ең алдымен мектепке ауыл басшылығы мен директор кіріп кетті. Далада тұрған музыкалық аппаратураны да тез кіргізіп алды. Ал біз сыртта су-су болып тұрдық. Кейін ата-аналар наразылық білдіріп, мектептің есігін сындыруға мәжбүр болды.

Ата-аналардың ұялы телефондарына түсіріп алған мына бейнежазбада мектеп алдында болған оқиға анық көрініп тұр. Десе де, мектеп басшылығы айтылғанның бәрін жоққа шығарып, керісінше, ата-аналарға кінә тағуда. Айтуларынша, мектепке алдымен балалар мен олардың сынып жетекшілері кіруі тиіс болған. Ал ата-аналар жанталасып, кірер есік алдында сығылыса бастаған.

Салтанат Оразбаева, Байқұдық ауылының №9 мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: 

Ата-аналар мектептің кіреберісіндегі екінші есікті ашпақ болғанда, оны ішке қарай итерген. Ал есік керісінше сыртқа ашылады. Бәрі қыстырылысып, итеріп тұрғаннан кейін, бір есік шыдас бермеді. Содан кейін ішке асыққандар тек жалғыз жартылай есік арқылы өтуге мәжбүр болды. Оқиғаның барлық себеп-салдары осы. Біз ештеңені құлыптаған жоқпыз. 

Жұрағат БАМАН