Семейде жасанды интеллект, «ақылды қала» жүйесі және киберқауіпсіздік мәселелері талқыланды. Өңірде IT мамандарын, ірі компания өкілдері мен жас өнертапқыштарды бір алаңға тоғыстырған «Digital Abai – 2026» форумы өтті. Цифрлық технологиялардың бүгінгі жетістігі мен болашаққа бағытталған тың бастамалар жайында Аяулым Изатқызы тарқатады.
«Digital Abai – 2026» өңірлік форумы заманауи технологиялардың озық үлгілері мен болашағы зор стартаптарды бір алаңға тоғыстырды. Жиында жасанды интеллекті экономика мен білім саласына, күнделікті тұрмысқа енгізу мәселесі сөз болды.
БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Бүгінгі таңда цифрландыру мен озық технологиялар – жай ғана құрал емес. Бұл - азаматтардың тұрмыс сапасын арттыратын, өңірдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын, экономикаға жаңа мүмкіндіктер ашып, жас буынның потенциалын толық жүзеге асыруына жол ашатын стратегиялық күш.
Форумның ең ерекше тұсы «TECH EXPO» технологиялық көрмесі болды. Мұнда жетекші IT компаниялар өздерінің цифрлық шешімдерін таныстырса, мектеп оқушылары робототехника мен бағдарламалау саласындағы жобаларын ұсынды. Ал стартап-баттлда жас өнертапқыштар өзара бақ сынады.
ӘНЕТ ТҰРСЫНЖАН, «ASTANA HUB» ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бүгін біз «Даму» қорының Семейдегі филиалымен меморандумға қол қойдық. Бұл келісім жас стартаперлерді қолдауға бағытталған. «Даму» арқылы берілетін жеңілдетілген несие IT саласында жүрген бағдарламашыларымыздың өз бизнесін дамытуына үлкен мүмкіндік береді.
Форум аясында цифрлық салада табысты еңбек етіп, тың жобаларды жүзеге асыруға үлес қосқан үздік мамандар марапатталды.
«Digital Abai – 2026» форумы - жаңа технологияларды өңір дамуының нақты тетігіне айналдыруға жол ашатын маңызды бастама. Басты мақсат – цифрлық жаңашылдықты тұрғындардың күнделікті өміріне енгізіп, халықтың тұрмыс сапасын арттыру.