Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Футболдан Қазақстан құрамасы Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңінде Чехияға есе жіберді

AstanaTV
04.09.2015ж. 20:00
1280
Футболдан Қазақстан құрамасы Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңінде Чехияға есе жіберді

Футболдан Қазақстан құрамасы Чехияға есе жіберді. Еуропа біріншілігінің іріктеу раундында кезекті кездесуін сырт алаңда өткізген жерлестерімізге бұл жолы сәл ғана сәттілік жетпей қалды. Төреші ысқырығы естілісімен, чех қақпасына лап қойған отандастарымыз ойынның 21 минутында есеп ашты. Бауыржан Исламханның оң қанаттан көтерген пасын керегіне жарата білген Юрий Логвиненко қарсыластарын қапы қалдырды. Дегенмен, қақпаларына жылдам гол жіберген алаң иелері бұған мойымады. Кездесудің екінші бөлігінде ойынға тыңнан қосылған Милан Шкода матч тағдырын шешті. 2-1 есебімен жеңілсе де, Қазақстан құрамасы жақсы ойынымен көзге түсті. Келесі кездесуін Юрий Красножан шәкірттері 6 қыркүйек күні сырт алаңда Исландияға қарсы өткізеді. 



Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін астаналық «Барыс» командасы кезекті кездесуін өткізді. Магнитогорскінің «Металлургіне» қонаққа барған астаналықтар буллит сериясында 3-2 есебімен жеңіліп қалды. Барыс ойыншылары ә дегеннен ойын тізгінін қолдарына алған. Алғашқы кезеңде бірінші бестіктің шабуылшылары Дастин Бойд пен Найджел Доус Кошечкин қақпасынан саңылау тапты. «Металлург Аренаға» жиналған жанкүйерлердің қолдауынан шабыттанған айдын иелері екінші кезеңде Бирюковтың көмегімен есепті қысқарта алды. Ойын соңына қарай «Барыс» ойыншысының айдыннан қуылғанын ұтымды пайдаланған Сергей Мозякин есепті теңестіріп кетті. Қосымша кезеңде шайба сала алмаған қос ұжым ойын соңындағы лотереяға жүгінді. Буллит сериясында «Металлург» жеңіске жетті. Алғашқы 5 кездесуде 4 ұпай ғана жинаған елордалық ұжым Шығыс конференциясының 10 сатысына сырғыды. Келесі кездесуін «Барыс» 6 қыркүйек күні өз айдынында Ярославльдің Локомотивімен өткізеді. 


Самат ҚАНАҒАТОВ 

Алдыңғы жаңалық