Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Қажылық кезінде Қазақстаннан барған кейуана жүрек талмасынан көз жұмды - Интерфакс-Қазақстан

AstanaTV
25.09.2015ж. 20:00
1042
Қажылық кезінде Қазақстаннан барған кейуана жүрек талмасынан көз жұмды - Интерфакс-Қазақстан

Қажылық кезінде Қазақстаннан барған кейуана жүрек талмасынан көз жұмды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына сілтеме жасап, Интерфакс-Қазақстан ақпарат таратуда.

78 жастағы қарт ана жергілікті емханалардың бірінде қайтыс болған. Алайда, бұл жағдайдың жүздеген адамды ажал құштырған Меккедегі қайғылы оқиғаға қатысы жоқ. Яғни тығылыс кезінде тапталып өлгендер арасында қазақстандықтар болмаған. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ануар Жайнақов арнамызға хабарлады.

Ануар Жайнақов, ҚР СІМ баспасөз хатшысы:

Осы уақытқа дейін келіп жеткен ақпарат бойынша, Меккеге жақын аумақтағы Мина жазығында болған адамдардың тығылысы кезінде қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ.

Ал, Сауд Арабиясының королі Салман ибн Абдул-Әзиз Әл Сауд қажылықты орындаудың ішкі ереже-тәртіптерін қайта қарау  туралы пәрмен берді. 717 адамның өліміне соқтырған қайғылы оқиғадан кейін ол осындай шешімге келген, - деп жазады «Рейтерс». Король қажылық парызын орындаушылардың  қозғалысын жеңілдету мақсатындағы жұмыстарды пысықтау керектігін айтты. Елдің ішкі істер министрлігінің өкілі генерал Фейсал ат-Турки Меккедегі қайғылы оқиғаның бірден-бір себебін аптап ыстықпен байланыстырды. Айтуынша, шайтанға тас ату рәсімі кезінде адамдар бір-бірін итеріп, таптап кеткен сыңайлы. Ауа-райының күрт ысып кетуі де құрбандар санының артуына алып келген.

Еске салсақ, кеше Меккеде оқыс жағдай орын алып, 700-ден астам адам қаза тапты. Тағы 800-ге жуығы зардап шеккен. Ел билігі арнайы комиссия құрып, оқиғаның себеп-салдарын анықтау үстінде. Бүгін Рим папасы Франциск бірнеше жүздеген адамның қазасына орай барша мұсылман қауымына қайғырып, көңіл айтты.

Салман ибн Абдул - Әзиз Әл, Сауд Арабиясының королі: 

Қажылыққа келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету - біздің құзырымызда. Қазір тиесілі органдарға тапсырма беріп, тексеру жұмыстарын жүргізуді жүктедік. Оқиғаның себеп-салдары жақын уақытта белгілі болады деген ойдамын. Қажылықтың ереже-тәртіптерін қайта қарау керектігі туралы да бұйрық бердім.

Жұрағат БАМАН