Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Алматы қысқы жылу маусымына қаншалықты дайын?

AstanaTV
28.09.2015ж. 20:00
1371
 Алматы қысқы жылу маусымына қаншалықты дайын?

Алматы қаласын жылумен қамтамасыз етіп отырған мекеме, жылуға қарыз тұрғындарды ыстық судан ажыратуда. Алдағы күндері оларға жылуда берілмейді. Бұл жайында арнамызға сұқбат берген «Алматы жылу желісі» ЖШС мамандары айтты. Жалпы мегаполис тұрғындарының аталған мекемеге берешігі 2 миллард теңгеге жуықтапты. Қалаға 15-ші қазанда толықтай жылу беру жоспарлап отыр. Жалпы, Алматы қысқа қаншылықты дайын? Әріптесім Ришат Асқарбекұлы осы сауалға жауап іздеп көрді.

Энергетиктер алдағы қыста жылуға тарифтің көтерілмейтінін айтқан болатын.  Есесіне өткен жылу маусымынан қалған қарыздар, коммуналдық мекемелерге кесірін тигізе ме деп қауіптенеді. Тек «Алматы жылу желісі» компаниясына деген тұтынушылар берешегі 2 млрд. теңгеге жуықтаған.

Марина Хохлова, «Алматы жылу желісі» ЖШС бас директорының орынбасары:

Қазіргі уақытта борышкерлердің қарызы 1млрд. 800 млн. теңгеден асты. Бұл екі айдың ішінде қордаланған қарыздар. Қазір біз оларды ыстық судан және жылу маусымында жылудан ажырататын боламыз. Пәтерге баратын есептеуіш құлалдарына арнайы бұғаттау құралдарын орнатпақпыз.

Ал, қалалық коммуналдық шаруашылық басқармасы шаһардың жылу маусымына дайындығы толықтай пысықталғанын айтады. Алдағы айдың 15-інен кешіктірілмей әлеуметтік мекемелерге жылу беруді жоспарлап отыр. Жалпы, Алматыда 1 мың 130 шақырым жылу құбыры болса, биыл қала билігі тек 17 шақырым жылу желісін жаңалапты.

Жандос Саматов, Алматы қалалық коммуналдық шаруашылық және энергетика басқармасының бас маманы:

Жылу беру маусымы аралығында ең қауіпті деген аумақтардағы құбырларды алмастыруға тырыстық. Сондықтан қыста жылу құбыры жарылып кету қаупі төмендеді. Қала бойынша құбырлардың 65 пайызы тозған. 2020 жылға дейін ескірген желілерді жаңартып, бітіру жоспары бар.

Биыл бірінші қазаннан бастап Алматыда арнайы диспетчерлік қызмет жұмыс жасамақ. Енді тұтынушы «109» деп аталатын call-орталық қызметіне жүгіне алады. Диспетчерлік орталық құтқару, коммуналдық , өрт сөндіру қызметтеріне жедел ақпарат жеткізіп отыру үшін жасақталған.

Алматы билігін қардың тым қалың түсуінен соң туындайтын проблемаларға алаңдаулы.  Алдыңғы жылы шаһарда қалыңдығы 50-60 сантитметрге дейін қар жауып,  жұрт әбігерге түскен еді. Ағаш бұтақтары сынып, қалада көлік қозғалысы қиындады. Ал көшелерді тазалауы тиіс техниканың дайындығы бұл сынға төтеп бере алмаған еді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ

Синоптиктер алдағы қыс айларының қарлы әрі суық болатынын болжайды. Еліміздегі ең үлкен қаланың алдағы үш айға дайындығын шаһар басшысы да тексеріп көрген болатын. Бауыржан Байбек өткен аптада әсіресе қардан тазартумен айналысатын мекемелерді аралап, ондағы техниканың мүмкіндігін салмақтады. Әкім өзіне бекітілген аумаққа шамасы келмейтін кәсіпорындармен келісім-шарттың бұзылатынын ескертті.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ