$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жердің сатылуы, гектарға бөлінетін субсидияның тоқтауы...

AstanaTV
23.04.2016ж. 20:00
2908
Жердің сатылуы, гектарға бөлінетін субсидияның тоқтауы...

Жер телімдерінің аукцион арқылы сатылуына байланысты. Мысалы, Мәжіліс депутаты коммунист Айқын Қоңыров былай дейді:

«Жерді жалға алушылар экстенсивті яғни сапа емес, санға жұмыс істеп отыр. Дағдарысқа байланысты оптимизм тіпті жоқ.  Жерді сатса, қожайын көзқарасын өзгертеді деп мемлекеттің үміттенуі түсінікті. Бірақ дәл солай болуы факт емес. Нәтижесінде біз ауыл адамдарының да үлесі бар жер қорынан айырылып қалуымыз мүмкін... Жерге «сабан үстінде жатқан ит» қағидасымен қарайтын латифундистер тобы құрылуы да ғажап емес. Бұл әлеуметтік ашуды туғызады».

Жер телімдері аукцион арқылы сатыла бастайтына байланысты қоғамда алаңдаушылық, тіпті наразылық бар.

Билік өкілдерінің «жер телімдері шетелдіктерге сатылмайды, 25 жылға жалға ғана беріледі» дегеннен басқа айтары жоқ. Алайда жарғылық капиталында шетел үлесі бар компаниялар жерді сатып ала алады. Үлесі 50 пайыздан аспаса болды... Айтпақшы жер оралмандарға сатылмайды...

Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев сатып алған телімдерін нақ ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланбағандардан жердің қайтып алынатынын айтады. Бірақ шенеуніктер адамның жекеменшігіне ешкімнің қол сұғуға қақы жоқ екенін «ұмытып» кеткен сияқты. Конституция кепіл норманы қалай бұзады? Жерді сатып алған айтады – кешіріңіз, жер менікі, не істеймін, өзім білемін!- десе, шынымен не істей алады?.. 

Тағы бір мәселе. Биылдан бастап жердің гектарына беріліп келген субсидия тоқтады. Көмек техника алуға беріледі. Мұны жақтайтындар да, даттайтындар да бар. Қостанайдан Заңғар Санайдың материалы.

Жер ананың төсінен 40 жыл бойы несібесін теріп келген Ибраш Естай заңнамаға енгізілген  өзгерістерді түбегейлі қолдайды. Тіпті -әр гектарына  бөлінетін  субсидияның  тоқтатылуы  дұрыс, ал  жалға берілген жер  салығын  10 есе  артық төлемеу үшін  жекеменшікке сатып алғаны жөн,-  дейді.Қостанайлық диқан алдағы уақытта иелігіндегі 15 мың гектар егістік алқабын түгел  сатып алуды жоспарлап отыр.

Ибраш Естай,  шаруашылық басшысы:

Бергені артық болмас еді. Бірақ менің айтайын дегенім тоқтатқаны дұрыс болды. Ширек ғасыр бізге жерді жалға берді. Дұрыс егіншілер жерді жақсы игерді.Жалпы жағдайы дұрысталды.Алатын көлігін алды.Үйін-күйін  жақсартты. Судың да сұрауы бар дейді ғой.

Астықты аймақтың  кәнігі диқандарының бірі Александр Бородин керісінше, -субсидияның тоқтатылуы  ауыл шаруашылығын  тоқырауға ұшыратуы мүмкін,-  дейді.Әсіресе мал азығын дайындайтын  шаруалар мен  майлы-дақыл егетіндер  қиналмақ.

Александр Бородин, шаруашылық басшысы: 

Субсидия мәселесі  бізді қатты толғандыруда. Бұған дейін әр гектарына бөлініп келген субсидия  көлемі де сонша көп емес еді. Енді оның өзін бермейтін болып жатыр. Ал, мал  азығы мен майлы-дақылға қарастырылған  қаражаттың  тоқтатылуы  шаруаларды мүлдем тығырыққа тірейді. 

Төремұрат Өтепов, шаруашылық басшысы:

Біздің ойымызша  мал азығына субсидия  қалдыру қажет. Өйткені мал азығы өте шығымды  жағдай.Сосын 1 жылда мал азығын шығара  алмайсың.Кем дегенде 2-3 үш жыл керек. Бұл долгосрочный инвестициялық деген сөз ғой.

Субсидия мәселесі Тобыл өңірінде осы аптада өткен  алқалы жиында да кеңінен  талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан  Мамытбеков  биылғы  егін  науқанының ерекшеліктеріне тоқталып,өңір диқандарына  өзгерістерді түсіндірді.

Асылжан Мамытбеков, ҚР  ауыл шаруашылығы министрі:

Биылғы жылдан бастап бірінші рет ауыл  шаруашылық тауар өндірушілер, фермерлер егер ауыл шаруашылық техникасын сатып алатын болса, соның 25 пайызын субсидиялаймыз деп жоспарлап отырмыз.

Алайда, шаруалар агрокешенді жаңғыртуға бағытталған  субсидияның талаптары  тиімсіз, ауыл шаруашылық саласын дамытуға соншалықты ықпалдаспайтынын айтады.

Александр Бородин,  шаруашылық басшысы:  

 Мәселен, мен  агрокешен сатып алғым келді. Ал, субсидия тек бір ғана техника алуға қарастырылып отыр. Маған 10 техника қажет болса не істеймін сонда? Міне осындай осал тұстары көп. Оның үстіне техника құнының 25 пайызы ғана  субсидияланады  деп жатыр. Ал қазір шетелдік техникалардың бағасы 70 пайызға дейін қымбаттап кетті.Сондықтан мұндай қолдау  тым тиімсіз, қауқарсыз деп ойлаймын.

Ал  ағымдағы жылдың 1 шілдесінен  бастап мемлекет меншігіндегі  жер телімдері  аукцион арқылы сатылады. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, еліміздің диқандары  мен фермерлері жалға берілген жерлерін сатып алуға қарсы емес. Ал, -жер саудасына наразылық білдіргендер  бұл реформаның ел игілігі үшін жасалып жатқанын түсінбей жүргендер,- дейді.

Асылжан Мамытбеков,  ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

Әркім өзінің арендадағы жерін жеке меншікке сатып алғысы келеді. Және үкімет ең бірінші осы мақсатты көздеп отыр.Әр фермер, әр диқаншы өзінің жеріне ие болу керек.Сондықтан ол өзінің жеріне әлдеқайда жақсырақ қарайды және  оны мұра ретінде өз бала-шағасына, немерелеріне басқа да мақсатта қалдырғысы келеді.

Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 100 миллионға  жуық  гектары  ұзақ мерзімге жалға берілгендігін жариялап отыр. Жеке меншіктегі жердің үлесі небәрі 1,2 пайызды құрайды.  Ал  пайдаланылмай жатқан жерлердің аумағы 7 миллион гектардан астам. Қазіргі кезде соның тең жартысы мемлекет  меншігіне қайтарылыпты.

Қайырбек  Өскенбаев ҚР ұлттық экономика вице-министрі:

Кейбір сөздер туындап жатыр.Бюджетте ақша болмай жер сатылып жатыр деген.Олай емес. Бір тиында бюджетке түспейді.Түгел жинақталып ұлттық қорға түседі.

Аукционда сатылатын алқаптың басым бөлігі  Тобыл өңіріне тиесілі. Қостанай облысында 316 мың гектар  жер саудаға түсуі мүмкін.

Асылбек  Ділдәбеков,  Қостанай облыстық жер қатынастары  басқармасы  басшысының орынбасары: 

Қазіргі жер пайдаланып жатқан жеке қожалықтардың қолындағы құжаттарда жердің кадарстрлік құны көрсетілген. Соған ешқандай өзгерістер енгізілмейді. Ал аукционға  шығатын болса жер телімдерінің бағасын РГП «НПЦЗЕМ» деген бар, солар анықтайды. Ең жоғарғы бағасы гектарына -50 мың теңге. Жерінің құнарлығы, облыс орталығынан  алыстығы ескеріледі. Ал орташа баға гектарына – 30 мың теңге.

Заңнамаға  енгізілген өзгерісте  жер пайдаланушылардың мүддесі жақсы қорғалған. Мәселен, шаруа  жер телімін жалға алған мерзімі аяқталғанға  дейін, оның  кадастрлық құнының тең жартысын төлеп,  иелігіндегі жерді жекеменшікке айналдыруға құқы бар. Және жердің құнын  төлеу мерзімін 10 жылға дейін соза алады.

Заңғар Санай, Ғылымхан Сарсенбай «Біздің уақыт».

Біз жер сатуға байланысты сарапшыдан комментарий алдық. Былай дейді:

Жарас Ахметов, сарапшы

Негізі, жақсы идея. Себебі жер ол - актив, ал актив капиталға айналуы керек. Және өтімді актив болуы шарт. Сондықтан жерді сату ұсынысы қолдауға тұрады. Алайда "құбыжықтар" жасырынған детальдар бар. Біріншіден, расында ауыл шаруашылығы нарығы қалыптаса ма? Яғни нағыз өтімді нарық.  Нағыз нарық қалыптасады, егер жердің бір қолдан екінші қолға өту рәсімдері "бұйра" бюрократиялық кедергілерсіз жүрсе, жерге байланысты қаржы инструменттерінің нарығы қалыптасса. Ал осылай болмаса, жерді сатқаннан пайда жоқ. 

Бұл бір жағы. Екіншіден, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің 6-ақ пайызы ауыл шаруашылығы жерлерінің 65-67 пайызына ие. Тиісінше, жерді игеретіндердің басым көбі жердің 5-ақ пайызына қожа. Айырмашылық өте үлкен. Ірі өндіруші бәсекелік басымдыққа ие де, ұсақ шаруа керісінше, ұтылады. Сондықтан бәсекелік шарттарды теңестіретін тетіктерді талқылау керек. Ұсақ шаруалар дымсыз қалуы мүмкін. Мысалы, егін егумен айналысатындардың 1 пайызы былтыр бүкіл дәнді дақылдың 20 пайызын берген. Егер сол 1 пайыз жерден кетсе, өсімдік шаруашылығының 20 пайызын жоғалтамыз. Міне, осындай мәселелерді ойлап, шешу керек. Осыларды талқылау қажет. Әйтпесе жерді сатқаннан игілік көрмейміз, қатер шығуы мүмкін.

Тағы қайталаймын, ірі тауар өндірушілер еңбегі сіңбесе де басымдықтарға ие. Себебі олар үкіметке, билікке жақын. Мемлекеттен ылғи қолдау көреді. Субсидиялар алады. Мысалы, былтыр 13 млн гектар жерге субсидия берілген. Ал егін алқаптарының көлемі 21 млн га. Яғни 8 млн гектарға түк те тимеген. 

Латифундистер туралы айтып берсеңіз?

Олар қаржылық, саяси жағынан күшке ие. Бірақ олар тиімсіз. Себебі тиімсіздіктерін мемлекеттен түрлі дотация, субсидия алып, бүркемелейді. Былтыр 500 млрд -қа жуық теңге 484 шаруашылықты қайта құрылымдауға жұмсалған. Ал біздегі шаруашылықтардың саны 200 мыңға жуық. Яғни санаулы адамдар 500 млрд теңге алған, ал негізгі бөлікке түк те жоқ немесе қалған-құтқан бірнәрсе тиеді. Теңсіз шарттар тиімсіздікті арттырады. Ал бізде ірі өндірушілерді ғана қолдаудан танбай келеді. Мұндай Бразилия, Аргентина сияқты елдерде болған...