$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Павлодарлық еңбеккерлер сайлауға белсене қатысты

AstanaTV
20.03.2016ж. 12:00
1834
Павлодарлық еңбеккерлер сайлауға белсене қатысты

Павлодардағы жұмыскерлер қауымы таңнан дауыс беруге ағылды. Облыстық сайлау комиссиясының ақпарынша, бүгінгі науқанда аймақ бойынша 456 мыңнан астам адам дауыс беруі тиіс. Осы сағаттағы Керекудегі ахуал жайлы Әсемгүл Мұхитқызы айтуға дайын. Әсемгүл, қайырлы күн! Сіз эфирдесіз. 

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Қайырлы күн, Ләйлә! Иа, бүгінгі сайлауда керекулік еңбеккерлер қауымы шынымен де ерекше белсенділік танытуда. Кәсіпорын жұмысшылары сайлау учаскелеріне таңнан ағылды. Солардың қатарында - Солтанимановтар әулеті бар.Төрт баланың әкесі Суат әр сайлауға отбасымен келуді дәстүрге айналдырған. Айтуынша, үйлі-баранды бұл шаңырақ үшін саяси оқиғаның өзіндік ерекшелігі бар.

Суат Солтаниманов, түрлі-түсті металл құюшы:

Менің балаларымның фамилиясы Сайлаубай. Сондықтан менің отбасымның мерекесі деп санаймын. Бүгін мен металлург ретінде, көп балалы отбасының төрағасы ретінде еліміздің келешегі үшін таңдау жасадым. Өте маңызды.

127-ші сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқандардың басым бөлігі жұмыскерлер. Комиссия өкілдерінің ақпарынша, мұнда Алюминий және электролиз зауытының 400-ге жуық еңбеккері отбасымен келіп таңдау жасауына жағдай жасалған. Жұмыскерлерге жұмыстан кешікпеуі үшін арнайы автобус ұйымдастырылған. Байқаушылар сайлау учаскесіндегі жұмыстың жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Сергей Шолохов, байқаушы:

Тұрғындардың жоғары белсенділігіне куә болдым. Бұлай болар деп ойламаған ем. Әсіресе учаске ашылғаннан кейінгі бір сағатта дауыс берушілердің легі көп болды. Көпшілігі жұмысқа дейін өз таңдауын жасап жатыр. Бала-шағасымен келеді. Қуантарлық.

Әлия Сабырханова, Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы:

Біздің облысымызда 206 сайлау округі бар. Сол 206 округке 559 кандидат сайлау бюллетеніне кіргізілген. 91 облыстық, 149 үш қаланың мәслихаттарына және 319 аудандық мәслихатқа.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Бүгінгі саяси науқанда Павлодар облысының 456 мыңға жуық тұрғыны өз таңдауын жасауы тиіс. Осы уақытта олардың 30 пайызы дауыс беріп үлгерген. Шаһарда мерекелік көңіл-күй сезіледі. Шаһардың әр бұрышында арнайы концерттер өтіп жатыр. Тіпті мерекелік жәрмеңке де ұйымдастырылған.