Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Ел элитасы қарапайым халық балаларының жақсы білім алуына қарсы - Ерлан Сағадиев

AstanaTV
25.04.2016ж. 20:00
2069
Ел элитасы қарапайым халық балаларының жақсы білім алуына қарсы - Ерлан Сағадиев

Үш тілді білім алуға малшы-жалшының да, ғалым-шенеунік баласының да тең құқы бар. Бүгін Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев үш тілде білім алуға қарсы қол жинағандарға жауап қатты. Ол «қара жаяудың қара домалағына ағылшын тілі көк тиынға керек жоқ» деген кесімге түбегейлі қарсы. Атақты ғалымның баласы, қарапайым малшының немересі, бүгінде елдің бас ұстазы баспасөз конференциясын өткізді. Ұлттық біріңғай тестілеу жүйесі мен жоғарғы оқу орындарында қандай өзгерістер енгізілмек? Ал мұғалім жалақысы өсе ме? Азамат Алдоңғаров тарқатады.

Білім және ғылым министрлігінің бала оқыту ісінде жасағалы жатқан реформалары айналасындағы әңгіме әлі де басылар емес. Мектеп бағдарламасын үш тілде оқыту бастамасына қарсы жазылған ашық хатпен министр Ерлан Сағадиев таныс. Хатта қолы қойылған ел ағаларын да таниды, олардың малшы-жалшы емес, ал балалары шетелде білім алғандарынан да хабардар.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Оларға не керек? Олар өздерін элита санайды, ал, қарапайым қазақтарға білім керек жоқ деп есептейді.

Министрдің сөзінше, оқуды алты жастан бастау - баланың тез жетіліп, оқуды алып кетуіне де ұтымды жас. Ол ғылыми дәлелденіп, оған әлем елдері әлдеқашан көшкен. Енді көштен қалу жарамайды, - дейді Ерлан Сағадиев. Үлкен реформалар мектеппен шектелмейді. Енді жоғарғы оқу мекемелерінің де оқу бағдарламасы қайта қаралмақ.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Қазір кез-келген жоғарғы оқу орнының ректорымен сөйлессеңіз, әңгімесі бір. Бірінші курс - 11 сыныпты қайталау. Босқа жұмсалып жатқан уақыт. Екі бірдей университеттің басшысы болдым, бірінші курстың іс жүзінде сол 12-ші сынып екенін білемін.

Келер жылдан Бірыңғай ұлттық тест тәртібі де өзгереді. Сынақтың алдында мектеп түлегі ескіше емтиханынан өтіп, университетке түсу үшін ҰБТ-ға жіберіледі.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Жоғарғы оқу орындарының түлектердің интеллектуалдық деңгейлерін, университет бағдарламасына бейімділігін анықтау үшін, бұл өте қажет. Қазір ҰБТ-ның жаңа бағдарламасын қарастырып жатырмыз. Оның шарттарына сәйкес, енді олимпиада жеңімпаздары да, Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері де міндетті түрде тест тапсырады.

Енді университеттің бірінші курсында міндетті түрде оқытылатын Қазақстан тарихы тоқтатылады. Оның орнына пән мектеп бағдарламасында жалғасып, тереңдей түспек. Ал басты жаңалық - енді қазақтың тарихы мен қазақ әдебиеті тек қазақ тілінде оқытылады. Ал химия, физика, сынды техникалық пәндер мектептерде ағылшын тілінде өтеді. Бұл осы пәндерді оқитын жоғарғы буын сыныптары үшін ғана. Ұстаздардың төмен табысы да министрдің назарынан тыс қалмады. Енді ұстаздар тәлім берген оқушысының қарасына қарай ақша алуы мүмкін. Ұстаздың табысын арттырудың бірнеше жолы бар. Соның бірі - мектеп құрылысына жеке инвестиция тарту. Министр бұл жоспарларын жақында үкіметке ұсынбақ.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ