Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Алматыда бір мезетте 50 жұп "Алтын тойларын" атап өтті

AstanaTV
03.11.2015ж. 20:00
1424
Алматыда бір мезетте 50 жұп "Алтын тойларын" атап өтті

Алматыда бір мезетте 50 жұп "Алтын тойларын" атап өтті. Сезімдеріне ешқашан селкеу түсіріп көрмеген  жарасымды қариялар қайта некелерін қиды. Көргені мен түйгені көп ғазиз жандар енді ғана отау көтерген жастарды «Отан отбасынан басталатынын» естен шығармауға шақырады. 

54 жыл отасқан Балбаевтардың күнделікті тіршілігі бір-біріне деген сыйластықпен өтіп келеді. Тағылымды тәрбие көрген балалары да, ата-ананың жолын жалғастыруды мақсат тұтқан. Жарты ғасырдан астам уақыт тату-тәтті өмір сүрудің соншалықты құпиясы жоқ, дейді қариялар. Алтын тойдың құрметіне Ертай ақсақал құдай қосқан қосағына неке жүзігін тарту етті.

Ертай Балбаев:

1961 жылы үйленген біздер екі бала туып, 1965 жылы метрке алуға барғанда, загске тұрдық, сол загске барған соң метрке берді. сонда 4 жыл өмір сүре тұра, неке куәлігінсіз ажырасып кету дегенді ойламадық. Некенің бар-жоғыны қараймайтынбыз. Сүйеу болдық.

Көп балалы Дүйсебаевтар отбасының өмірі де өнегеге толы. Бір-біріне демеу болып, қол ұстасқан күйі талай сыннан өткен олар бүгінде немере-шөберенің ортасында жадырап отыр. Жарымен жұптасқанына 70 жылдан асқан Қалдыбай ата аштықты да, тоқтықты да бірге көрдік, ыдыс-аяқты сылдырлатпауға барынша тырысып бақтық, дейді.

Қалдыбай Дүйсебаев:

70 жыл өмір сүрдік, ұрыспадық, ашуланып келе жатса, мен үндемеймін, кейде ол үндемейді. Сөйтіп өтірігі жоқ, бір- бірімізге олай деп жаман сөз айтқан кез болған жоқ. Аштыққа да, тоқтыққа да шыдадық. 10 баламыз... 8 қыз, екі ұл, 33 немереміз, 18 шөбереміз бар.

Бұл қариялар бүгінгі ұрпаққа өнеге.  «Үлкенге құрмет - кішіге ізет» қағидасын ұстанған жергілікті атқамінерлер осы абыз жандардың басын қосты. Алтын тойдың бастауы ретінде сәнді көлікпен неке сарайына жеткізді.

Жанна Қожамбердиева, Алматы қаласы аудан әкімі аппаратының бөлім жетекшісі:

Қазіргі дағдарыс заманда жастардың көбі қиындыққа шыдамай, баспана жоқ деп, ажырасып жатады. Осы 50-60 жыл жұптасқан отбасыларда кезінде қиын заман болды. 

Алматы қаласы бойынша "ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған" мұндай өнегелі отбасылар саны 100-ден асады. Олардың өмірі қашанда жас отбасыларға үлгі болып қала бермек.

Айгүл ЕРМАХАН