$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қостанайда екінші топтағы мүгедектер әлеуметтік такси қызметінен қағылады

AstanaTV
27.02.2014ж. 20:00
1699
Қостанайда екінші топтағы мүгедектер әлеуметтік такси қызметінен қағылады

Қостанайда мүгедектердің бір тобы сәуірден бастап әлеуметтік такси қызметінен қағылады. Облыстық әлеуметтік бағдарламалар басқармасының арнамызға хабарлауынша, Көлік және коммуникация министрлігінің жаңа ережесіне сай екінші топтағы мүгедектерді арнайы көліктер тасымайтын болды.

Өткен жылы қарашада енгізілген "Мүгедектерді автокөлікпен тасымалдау қызметінің ережелеріне" сәйкес әлеуметтік көмекшілердің де жұмысы қысқармақ. Тұрмыстағы ауыртпалықты еңсеруге үйреніп қалған мүгедектер бұл тосын да тиімсіз шешім деп отыр. Қостанайда әлеуметтік такси қызметі барлық мүгедектер үшін 1-ші сәуірге дейін қолжетімді. Сол уақытта келісімшарттың мерзімі аяқталады. Заңғар Санайдың бейнематериалында толығырақ. 


Таяққа сүйеніп жүретін Айгүл Мейрамқызы бүгін жұмысқа қоғамдық көлікпен жетті. Бұған дейін мұражай қызметкері күніне екі рет әлеуметтік таксимен қатынайтын. Жаңа ереже енгізілгеннен бері арнайы көлік оны тасымайтын болған.


Айгүл Нығметжанова, Қостанай облыстық өлкетану мұражайының қызметкері:


Биыл Елбасының Жолдауында мүгедек жандарға ерекше қамқорлық жасау керектігін айрықша атап өтті ғой. Ал әлеуметтік такси қызметі біз үшін үлкен қамқорлық еді. Біз енді сол қамқорлықтан айрылып отырмыз.


Көлік және коммуникация министрлігі енгізген жаңа ережеге сәйкес ендігәрі әлеуметтік такси жүргізушілері тек тасымалдау қызметіне жауапты. Яғни мүмкіндігі шектеулі жанға қол ұшын созып, көлікке мінуге, ғимаратқа енуге көмек көрсетпеуі керек. Жаңа ереженің осындай ойға қонымсыз тұстары Қостанайлық қамкөңіл жандардың жағасын ұстатты.


Татьяна Максименко, 1-ші топтағы мүгедек:


Осылайша бізге жасалған қамқорлық, бізге берілген мүмкіндіктері кері қайтарылмақ.Көмекшілерді қысқартса- біз сол баяғы төрт қабырғаға қамалып, үйден шыға алмай, дүкенге кіре алмай үлкен қиындыққа душар болмақпыз.


Олег Ященко, әлеуметтік такси жүргізушісі:


Сонда мен ешкімге көмектеспей, әркімге жаңа ережені көрсетіп тұруым керек пе?Тым түсініксіз талаптар.Мен бәрібір бұрынғыдай бәріне көмектесе берем.


Әлеуметтік такси қызметі Қостанайда алты жыл бұрын құрылған. Осы уақыт аралығында арнайы алты көлік бір мың үш жүз мүмкіндігі шектеулі адамды тасымалдаумен айналысқан. Жаңа ереже бойынша әлеуметтік такси тек 1-ші топтағы мүгедектерді тасиды.Олардың саны қала бойынша 450 адам.


Людмила Пугачева Қостанай қалалық мүгедектер қоғамы төрағасының орынбасары:


Қазіргі жаңа ереже бойынша тек 450 адам тізімге ілікті. Ал көмекші құралмен, яғни таяқпен жүретін екінші топтағы мүгедектер түгел такси қызметінен құр қалды. Енді олар қалай қатынайды екен? Мүгедек балалардың басым бөлігі арнайы көлікпен жүре алмайтын болды.


Өзекті мәселені шешуге өңір басшылары да атсалысып жатқан көрінеді. Жергілікті билік өкілдері жуық арада Көлік және коммуникация министрілгіне хат жолдап, жаңа ережені өзгерту туралы өтініш жасамақ.


Заңғар САНАЙ