$481.84 €531.33 ₽5.07
×

Өскеменде «Айзери» ансамблі тілек білдіргендерге лезгин биін үйретеді

AstanaTV
04.04.2014ж. 20:00
2120
Өскеменде «Айзери» ансамблі тілек білдіргендерге лезгин биін үйретеді

Өскеменде тау халықтарының биі «Достық үйіне» келетіндердің үлкен қызығушылығын тудырып жүр. «Айзери» ансамблі тілек білдіргендерге лезгин биін үйретеді. Белсенді жастардың бастау болуымен құрылған ұлттық би ансамблі туралы әріптесім Қанат Оралбек. 

Облыс көлемінде өтетін мерекелік шараларда түбі бөлек болса да, тілегі бір әр ұлттың өкілдері бас қосып тұрады. Одан бөлек Достық үйінде түрлі музыкалық, бейнелеу үйірмелерінен өзге би үйірмелеріне ат салысады. Соның бірі әзірбайжан ұлтының өкілі Джамал Аскеров ашқан «Айзери» би үйірмесі.

Джамал Аскеров, "Айзери" ансамблінің жетекшісі:

Достық үйіне келіп, би үйірмесіне қатысқаныма 7 жыл болды. Талай жарыстарға барып, жеңіспен оралып жүрміз. Көптеген қаладағы бауырларымызды осы би арқасында таптық. Жалпы лезгин биі адамға жан рахатын сыйлайды.

Лезгин биі негізі Кавказдың көптеген ұлтына ортақ. Дегенмен, ол грузин, әзербайжан халықтарына терең сіңіп кеткен. "Достық" үйінде шеберліктерін шыңдаған өнерпаздар талай сайыстарда топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр.

Александр Шкарпетин, биші:

Маған лезгинше билеген ұнайды. Екі жыл болды. Мұнда бізге жаттығу үшін барлық жағдай жасалған. Жалпы Достық үйінде бас қосып, түрлі ұлт өкілдері бауырдай болып кеттік.

Татулық пен бірлікті ту еткен орталық әлі де өнерлі ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қоса бермек. Бүгінде татулықтың тал бесігене айналып, ұлт пен ұлыстың басын қосып отырған мұндай үйлердің саны өңірде 9-ға жеткен. Алғашқысы 1992 жылы Президенттің қатысуымен ашылған болатын.

Еркімбек Аязбаев, ШҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы:

Достық үйінде түрлі үйірмелер бар. Жастар келіп қатысып, шеберліктерін шыңдайды. Жастарға дайындық үшін барлық жағдай жасаймыз. Жарыстарға қатыстырып, қолдап отырамыз.

Аймақта 105-тен астам ұлт пен ұлыс бар. Олар үшін мәдени-рухани ошаққа айналған Достық үйі шаңырағының маңызы зор. Олардың басты назарға алған бір бағыты ұрпақтар сабақтастығы. Әр халықтың мәдениеті мен дәстүрін сақтауға, дамытуға үлес қосу.

Айта кетейік, сәуірдің 18-і күні Астанада өтетін Ассамблеяның алқалы жиынына аймақтан 25 адам бармақшы.

Қанат ОРАЛБЕК