Қазақ жастарының 70% мемлекеттік жастар саясатының концепциясынан хабарсыз. Ал жастар тәжірибесіне
арналған бағдарлама туралы жас буынның тең жарымы естімеген де. Тәжірибеден
өткендерінің тек 20%-дан астамы ғана кәсіп тапқан. Бүгін үкімет отырысында
осылай деген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек
Білім және ғылым министрлігі атына сын айтты.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Партия көшбасшысы "Жас отанның" екінші съезінде екі жыл бұрын берілген тапсырмалардың тиісті орындалмай жатқанын
айтып, Білім және ғылым министрлігіне жағдайды түзеуді тапсырған еді. Алайда
жүргізілген зерттеу бұл салада жүйелі жұмыстың атқарылмағанын көрсетті. Жастар
тәжірибесіне арналған бағдарламаға 2,3 млрд теңге бөлінді. Бірақ жастардың
жартысынан көбі ол жобадан хабарсыз. Мемлекеттік жастар саясаты туралы жаңа заң
жобасы да депутаттар тарапынан сынға ұшырап, толықтыруға жіберілді. Жалпы 21
тапсырманың бүгінде тек сегізі ғана орындалды.
Нұрлан Сыдықов, «Нұр Отан» партиясы
«Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы:
Қазіргі күні қоғамда кең
талқыланып жатқан ең біріншіден мемлекеттік жастар саясатының заңы. Өкінішке
орай, бүгінде талқыланып жатқан құжат жастардың алдында тұрған мәселелерді
толыққанды шешуге өзінің септігін тигізе алады дегенге біздің күмәніміз бар. Себебі, жастарды толғандыратын жұмыспен қамту, баспана мәселесі, ең өзекті
мәселелерді бұл заң толыққанды негізгі механизмдері арқылы шешіп беретін баптар
болмай отыр.
Салмақты сын Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау және Денсаулық сақтау министрліктеріне де айтылды. Парламент
Мәжілісі төрағасының орынбасары отандық дәрігерлердің тек төрттен бірі ғана
білікті медициналық қызмет көрсете алады дейді. Ал кей өңірлерге медициналық
қондырғылар мүлдем жеткізілмесе, тоғыз аймақта 800 млн теңгеге алынған
аппаратура қаңтарылып жұмыс істемей тұр.
«100 мектеп, 100 аурухана»
бағдарламасының да тұралап қалғаны белгілі. Сергей Дьяченко жоба аясында
салынуы тиіс 13 нысанның құрылысы басталмағанын айтты. 104 мектептің үш
ауысыммен оқып, 180 білім ордасы апаттық жағдайда тұрғанын да еске салды.
Сергей Дьяченко, ҚР Парламенті
Мәжілісі төрағасының орынбасары:
«Еңбекпен қамту 2020» жол
картасының нәтижесі мардымсыз. Өткен жылы жобаға 102 млрд теңге бөлініп, оған
124 мың 600 адам қатысты. Сонда бір адамды жұмысқа орналастыру үшін шамамен 800
мың теңге жұмсалған. Ал ол жұмыс орындарының көбі уақытша болды. «100 мектеп, 100
аурухана бағдарламасы» да іске аспады. Жоба 2011 жылы аяқталуы тиіс болатын.
Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау
министрі:
Бір адамды жұмыспен қамтуға 800
мың теңге кетті деуге болмайды. Ол сомма ішінде оқыту, несиелеу, жұмысқа
орналастыру шығандары бар. Сондықтан, бөлінген қаржыны бағдарламаға қатысқан
адамдар санына бөле салған дұрыс емес.
Салидат Қайырбекова, ҚР Денсаулық
сақтау министрі:
100 аурухана құрылысына
бөлінген қаржының сол кездегі
экономикалық жағдайға байланысты қысқартылғанын білесіздер. Бүгінде нысандар
салынып жатыр. 2016 жылдың соңына дейін аяқтаймыз. Ал медициналық қондырғыларға
байланысты айтсам, бүгінде қондырғыларды сатып алған кезден бастап жүргізілетін
сараптама олардың тоқтап тұруына жол бермейді. Министрлікте медициналық,
фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті бар. Олар жұмыс істемей тұрған
қондырғы болса анықтап, мәліметті құқық қорғау органдарына беріп отырады.
"Нұр Отан" партиясы фракциясының
мәжіліс пен мәслихаттардағы депутаттары мемлекеттік органдардың жұмысын
бақылауды күшейте түспек. Айта кетерлігі, үкімет отырысы алғаш рет «Нұр Отан»
партиясы туының астында өтті.
Айгүл ӘДЕПБАЙ