Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Алматыда су тасқыны қаупі әлі де сақталып отыр

AstanaTV
03.05.2016ж. 20:00
1642
Алматыда су тасқыны қаупі әлі де сақталып отыр

Алматының су астында қалған аудандарында апаттық-құтқару шаралары аяқталды. Төтенше жағдайлар департаменті осындай ресми мәлімдеме таратты. Алайда біздің тілшілер су тасқыны болған көшелерде халықтың әлі де лай судан зардап шегіп отырғанына көз жеткізіп қайтты. Өзен арналары бекітіліп, көшелер тазаланғанымен, атқарылар шаруа шаш етектен. Осы ретте жекелеген үй иелері жергілікті биліктен көмек күтуде. Баспанасына қайта оралған жандар өз күшімен үй-жайларын қалпына келтіруге көшкен. 

Лай судан қатты зардап шеккен - Алатау ауданындағы Алғабас елді мекені мен Жетісу ауданындағы Летняя көшесінің бойы. Мәселен, мына көшеде тұрғын үйлердің көбінің ауласын су басып қалған. Кейбірінде үйдің ішіне кірген жауын суы толарсақтан келеді. Қала билігі төтенше жағдайлар қазметінің мамандары мен Ұлттық ұлан сарбаздарын жұмылдырып, тұрғындарға көмек қолын созған. Алайда Жетісу ауданында орналасқан баспаналардың дені әлі де саз-балшыққа малынып жатыр. 

Алғабас елді мекені былтыр жазда Алматы жұртшылығын дүрліктірген тасқында ел есінде қалған «Қарғалы» өзенінің төменгі сағасында орналасқан. Осы өзен биыл да арнасына сыймай тасыды. Су қоймасына тым жақын салынған  үйлерге жұма күні кешкісін топан су келе бастапты. Тиісті мекемелер су тасыған жерге жедел келіп жеткен, бірақ апаттың алдын алуға кеш болған сыңайлы. Бұл түні жауын да толассыз жауып тұрды.

Су сағат 10-да кезінде бөгетті бұзып, үйлерге кіре бастады... Содан бері осы.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, өткен жылғы тасқыннан соң, Қарғалы өзенінің арнасы кеңейтіліп, бірнеше жерінен көпірлер салынған. Жергілікті халықтың пайымынша, мердігер компания адам жүретін өткелдерді салу кезінде қателіктер жіберген көрінеді.

Мэлс Бегенов, Алғабас елді мекенінің тұрғыны:

Негізі заңдылыққа сүйенсек, ені мен ұзындығына сәйкес сол диаметрде трубалар қойылуы керек еді. Бірақ олар 4 есе кіші құбырлар салды. Соның кесірінен судың бәрі көпірден асып, сыртқа шығып кетті.

Алайда Алатау ауданы әкімінің уәжі басқа. Ол осыдан екі жыл бұрын Алматы облысынан қалаға берілген елді мекеннің жоспарсыз салынғанын айтады.

Бағдат Мәнізоров, Алатау ауданының әкімі:

Алғабас, Теректі алдыңғы жылы бізге Алматы облысынан берілген. Мынандай жағдай мұнда 5-ші рет қайталанып отыр.  Мына жауынның көп мөлшерде түсуіне есептелмеген. Бас жоспарға сәйкес емес көшелері, арықтар жоқ, көшелерге сулар бөлінбейді. Жарық та жоқ түнгі уақытта.

Бұл күні қаланы қақ жарып өтетін Есентай өзені де арнасынан асып кетті. Ал Шымбұлақ пен Медеу мұз айдынын жалғап жатқан күре жолды лай көшкіні басып қалған. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті берген мәліметке қарағанда, екі күн бұрын су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда апаттық-құтқару шаралары аяқталды. Бұл жұмыстарға 500-ден астам адам мен 60-қа жуық техника жұмылдырылған.

Сандуғаш Баймұхамбетова, Алматы қаласы ТЖД баспасөз хатшысы:

Алатау және Жетісу аудандарында су сору мен қоқыстан тазарту жұмыстары аяқталды. Тұрмыстық қалдықтардан тек үйлерді емес, жертөлелерді және сол аймақтағы жолдарды тазарттық.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Алматыда өткен жұмада басталған шауын-шашын әлі де толастаған жоқ. «Қазгидромет» мекемесі Алматы облысы мен қалаға жақын аудандардағы өзендердің әлі де тасу қаупі барын айтады. Мамандар жақын күндері қала тұрғындары мен қонақтарына таулы аймақтар мен үлкен су қоймаларына бармауға кеңес береді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ