$479.05 €534.57 ₽5.17
×

БҚО-да 3 адамды қаққан шендінің мас күйінде көлік басқарғаны ресми түрде расталды

AstanaTV
08.04.2014ж. 20:00
1154
БҚО-да 3 адамды қаққан шендінің мас күйінде көлік басқарғаны ресми түрде расталды

Батыста 3 адамды қаққан шендінің мас күйінде көлік басқарғаны ресми түрде расталды. Облыстағы Теректі ауданы әкімінің орынбасары Абзал Бралиев жеке көлігіне отырарда "ащы суды" сілтеп алған. Оқиға сәуірдің 6 күні кешке қаладағы сауналардың бірінің маңында болған. Масаң шенеунік жаяулатып келе жатқан Күнзада Шағатаева мен оның 9 жастағы қызы Әйгерімді және Айсұлу Сәбитованы қаққан.

Онымен қоймай әкімінің орынбасары оқиға орнынан ізін суытады. Жол сақшылары шенеунік мінген шетелдік қымбат көлікті 15 минутта қолға түсірген. Дәрігерлік тексеру күдіктінің орташа дәрежеде мас екенін анықтады.

Нұртай Лезов, БҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:

Көлікті мас күйінде басқарған БҚО Теректі ауданы әкімінің орынбасары Бралиев Абзал Серікұлы деген азамат анықталды. Оған қатысты Әкімшілік кодексі бойынша көлікті мас күйінде жүргізгені үшін және жол көлік оқиғасын жасағаны үшін толтырылды.

Инспектордың сөзінше, аудан әкімінің орынбасары жол апатына себепкер екендігін мойындамаған. Енді Абзал Бралиевтің үстінен қылмыстық іс қозғау туралы мәселе қаралып жатыр. Қамауға алынған шенеунікке қатысты екі әкімшілік хаттама толтырылды.

Жұмабек Шайхиев, БҚО клиникалық ауруханасы директорының орынбасары:

Ауруханаға жеткізілген азаматша басынан ауыр жарақат алған. Миы шайқалып, бас сүйегіне де айтарлықтай зақым келгені анықталды. Беті мен денесі де жараланған. Қазір жағдайы қалыпты.

Еркін ҚАРИН