$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодар тұрғындары ағаштар кесілмесін деп талап етуде

AstanaTV
10.04.2014ж. 10:00
1309
Павлодар тұрғындары ағаштар кесілмесін деп талап етуде

Керекулік тұрғындар саябақты сүріп тастауға қарсы. Жасыл желекті отап, орнына көпқабатты тұрғын үйлер саламыз деген жергілікті биліктің әрекетін олар табиғатқа жасалған қиянат деп санайды. "Оның үстіне бұл бақ шаһарды өндірістік аумақтан қорғайтын жалғыз қалқан", - дейді қоғам белсенділері. Тұрғындардың уәжін биологтар да қолдап отыр. Дегенмен, атқамінерлер айтқанынан қайтар емес.

Аулада жайқалып тұрған желектің сүрілетіндігін бұқара жуырда ғана біліпті. Жергілікті билік сәуір бастала осы мәселеге қатысты қоғамдық тыңдау өткізген. Алайда тұрғындардың басым бөлігі жиынға қатыспадық дейді.

Надежда Ширяева:

Қыста далаға шықсақ, қар күлгін түсті. Яғни анау зауыттан шығатын боксит қой бұл. Бәлкім, ақылымнан адасқан шығармын деп ойладым. Көршіме барсам, ол да аң-таң. Ал мына ағаштар сол қатерден қорғап тұр ғой бізді!

Шынымен де Ворушин бағынан аллюминий зауыты алыс емес. Арасы бар болғаны екі-үш шақырым ғана. Тұрғындардың сөзінше, бұрын бұл ағаштар кәсіпорынның санитарлық аумағына енген. Яғни оны отауға әуелден тыйым салынған.

Жаңабай Мұқашев:

Өздеріңіз қараңыздаршы, қаншама жас ағаштар. Кімнің қолы барады. И так то бұл жерде зауыттар, түтін. Жалғыз қорғап тұрған осы ағаштар. Жалпы айтқанда, мына жерге үйлердің қажеті жоқ.

Бұқараның сөзін мамандар да қостайды. Татьяна Пономарева білікті биолог. Биліктің сұрауымен ағаштарды зерттеген де осы адам. Айтуынша, жасыл желектің басым бөлігі жарамды. Әлі талай жыл жайқалып тұрады дейді, Сол себепті сараптамалық қорытындыға қол қоюдан бас тартыпты.

Татьяна Пономарева, «Берегиня» ҚҚ сарапшысы:

Ағаштарды құрту - бүгінгі жағдайды шешудің жолы емес. Әрине, қартайғандарын кесіп, орнына жас көшеттерді отырғызу керек. Бірақ дәл қазір қаланы қорғап тұрған бұл желектерді жермен жексен ету - кәдімгі қылмыс деп санаймын.

Бастысы - аталған саябақ жылдар бойы қала үшін маңызды роль атқарып келгені. "Әйтсе де, атқамінерлер бұл мәселені ескермей, құжатты өз ыңғайына реттеп алған сыңайлы", - дейді биолог-маман. Шенеуніктер болса, бәрі заң аясында жасалғанын алға тартты.

Ержан Асылбаев, Павлодар қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Бұл жерде жалдамалы, тұрғын-үй жинақ жүйесі арқылы және жас отбасыларға арналған баспана тұрғызылады. Яғни біраз ағашты отауға тура келеді. Қазір 4800 түп желек бар. Соның үш мыңға жуығы кесілмек. Сараптама бұлардың аурудан, кәріліктен қурағанын анықтады.

Жаңадан салынатын «Жұлдыз» ауданында құрылыс келер жылы басталады деп жоспарланған. Топырақ құрамы зерттелген. Жобалық-сметалық құжаттары да әзір, - дейді құрылыс бөліміндегілер. Тек, бұқараның қарсылығынан жұмыс бастай алмай отыр. Жылдар бойы айналаны жасыл желекке бөлеген ағаштарды сақтап қалу үшін базыналы жұрт жоғарғы органдарға шағымдануға бел буып отыр.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ